​Шымкент тұрғынына алаяқтар иемденбек болған 1,7 млн теңге қайтарылды

0
88

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел түрде ақша аударылған есепшоттарды анықтап, транзакцияларды уақытылы бұғаттады.


​Шымкент тұрғынына алаяқтар иемденбек болған 1,7 млн теңге қайтарылды

Шымкент қаласының тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Алдымен оған өзін «Қазпошта» қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлға хабарласып, деректерді растау сылтауымен SMS-тегі кодты білген.

Арада біраз уақыт өткен соң оған басқа адам қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Ол бұған дейін хабарласқандардың алаяқ екенін айтып, азаматтың есепшотындағы ақшаны иемденбек болып жатқанын жеткізген. Сонымен қатар қаражатты сақтап қалу үшін ақшаны шешіп алып, қауіпсіз есепшотқа аудару қажет екеніне сендірген.
Еш күмәнданбаған азамат банкомат арқылы ақшасын шешіп алып, көрсетілген есепшотқа аударған. Кейін өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген ол полицияға жүгінді.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел түрде ақша аударылған есепшоттарды анықтап, транзакцияларды уақытылы бұғаттады. Нәтижесінде қаражат алаяқтарға жетпей, жәбірленушіге 1,7 миллион теңге қайтарылды.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеңіздер, SMS арқылы келген кодтарды, жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін ешкімге бермеңіздер.
Бөлісу