​ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

0
118

Тұран ауданында орналасқан су-спорт кешенінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы да бақылауға алынды.


​ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкент қаласының әкімі жұмыс сапары аясында бірқатар инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Қаратау ауданындағы «ӘІО-160 Гкал» қазандығында жылу маусымына дайындық шеңберінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары тексерілді. Қазіргі уақытта бұл нысандағы бес қазандықтың барлығы жоспарға сәйкес жөнделіп жатыр. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына – атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінің сақталуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Сапар барысында қала әкімі «Мәртөбе» тұрғын алабындағы «Ахал Теке ДС» ЖШС индустриялық өндірістік алаңына барып, мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Аталған алаңда орналасқан «Nomad Cool» ЖШС өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын орнату жобасын қолға алған. Кәсіпорын отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған және шамамен 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, осы өндірістік аймақта алюминий терезелері мен есіктерін шығаратын «Yaliang» ЖШС да жұмыс істейді. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 25 мың шаршы метрді құрайды, мұнда 15 адам еңбек етеді.
Қала басшысы индустриялық алаңдардың инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашудағы маңызын атап өтіп, жауапты сала мамандарына кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Сонымен бірге «Ұлағат» шағынауданындағы кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстарының барысы тексерілді. Мердігер мекемеге барлық жұмыстарды 2025 жылғы шілде айының соңына дейін толық аяқтау тапсырылды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына – құрылыс нормаларын қатаң сақтау және жобаның әр кезеңін бақылауда ұстау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Тұран ауданында орналасқан су-спорт кешенінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы да бақылауға алынды. Қала әкімі нысанның қазіргі жай-күйімен танысып, мердігер ұйыммен жұмыс кестесі мен кезеңдерін талқылады. Құрылыс басқармасына жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуын, сондай-ақ техникалық стандарттар мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сапар соңында Еңбекші ауданындағы «Бадам-Лесхоз» ЖШС балансына қарасты бау-бақша учаскелері араланды. Қалалық жайлы орта қалыптастыру басқармасына бұл аумақтарды тиімді пайдалану, сондай-ақ бау-бақшаны дамыту мақсатында жалға беру мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде тапсырма берілді.
Бөлісу