ERNUR.KZ. Қала әкімі әріптестерімен бірге шаһар аумағын жаяу аралап, көшелер мен аулалардың жай-күйін тексерді. Атап айтқанда, 4-шағынаудандағы Қабылбеков көшесіндегі сквердің абаттандырылуын және Алпысбаев көшесінде салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысын қарап шықты.
Жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында Ақжиек пен Байтұлы баба көшелерінің қиылысына бағдаршам, жол белгілері орнатып, жаяу жүргіншілер өткелін салу тапсырылды. Сонымен қатар, аудан әкімдеріне қала көшелеріндегі тротуарлардың жай-күйін тексеріп, жыл соңына дейін жаңа тротуарлар салуды міндеттеді.
Әкім Ақжиек, Алпысбаев, Құрманбеков, Гагарин, Ломоносов, Жарқымбеков, Айбергенов көшелері, Республика даңғылы, Төлеметов тас жолы, Қошқар-Ата мен Қарасу өзенінің жағалауы, «Көмеш бұлақ» сауда үйі, «Турист» қонақ үйі, орыс драма театры, Әл-Фараби алаңы мен Арбат аймағының жағдайын тексерді.
Аралау қорытындысында кәсіпкерлік нысандардың заңдылығын, санитариялық талаптардың сақталуын қадағалау, тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көше жарығын жақсарту және аялдамалардың техникалық жай-күйін ретке келтіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.