​ШЫМКЕНТ: этносаралық қатынастар мен журналистикадағы жауапкершілік

0
103


​ШЫМКЕНТ:  этносаралық қатынастар мен журналистикадағы жауапкершілік

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова қатысты.
Сонымен бірге қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, БАҚ өкілдері, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының студенттері де жиында бас қосты.
Жиынды қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Рахманұлы жүргізді.
Кездесу барысында этносаралық қатынастар саласында қолданылатын негізгі ұғымдардың дұрыстығын сақтау, ақпаратты тексеріп жариялау, сөз бостандығы мен журналистік этиканы сақтау мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, журналистердің әлеуметтік жағдайы да талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру тетіктеріне де тоқталып, ақпараттық кеңістікте бейбітшілік пен келісімді дәріптеудің маңызы айтылды.
-Біз Мемлекет басшысы берген бірқатар тапсырмаларға орай шымкенттік журналистермен ақылдаса отырып, ұсыныс-тілектерін түртіп алуға келіп отырмыз. Этностарға қатысты терминдерді қалай пайдалану керектігі жөнінде арнайы анықтамалық шығардық. Мәселен, ақпарат бөліскенде қылмыскердің ұлтын айтып, этностар арасындағы түсінбеушіліктерге әкелмеу, соның алдын алу керектігін әрбір журналист білуге тиіс, - деді, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев.
Ал Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова БАҚ-ның әлеуметтік желіге қарай бет бұрғаны дұрыс деп есептейтінін айта келе, мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізінде БАҚ-ның рейтінгісі, аудиториясына қарап жұмыс істейміз дегенге тоқталды.
Ал клуб мүшелері Абай Балажан, Бақтияр Тайжан және Базаркүл Қалбыр этносаралық қарым-қатынастарды БАҚ-та жариялау мәдениетіне қатысты өз ойларымен бөлісті.
Мысалы, белгілі журналист, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақтияр Тайжан журналистің жауапкершілігі, ақпаратты сүзгіден өткізу, этносаралық оқиғаларды жазғанда мұқият болу қажеттігін айтса, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан журналистердің әлеуметтік мәселесін көтерді. Ол 6 мыңдай БАҚ бар болғанмен 6 мыңдай білікті журналист жоқ екендігін, өйткені, мардымсыз жалақыға ешкім істемейтіндігін, қоғамдағы ең өгей саланың өкілі – журналист деп, журналистердің тұрғын үй, жалақыларының төмендігін айтып, оның ащыда болса шындық екендігін жеткізді.
Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мерзімді басылымдардың жаңа платформасын ойлап тауып, жаңа технологияларды игеруіміз керектігін алға тартты.
Жалпы, ақпаратты дұрыс жеткізу – бейбіт ел болудың кепілі. Сондай-ақ, этностарға қатысты терминологияның дұрыстығына баса мән беру – ел ішіндегі татулықты сақтаудың бір жолы. Осы бағыттағы кәсіби тәжірибе алмасу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Бөлісу