ШЫМКЕНТ: экология саласындағы заңнама талаптары түсіндірілді

0
95

Заңсыз қоқыс үйінділерімен күреске ерекше назар аударылды.


ШЫМКЕНТ: экология саласындағы заңнама талаптары түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» акциялары аясында шаһарда «Қалдықсыз қала» тақырыбында жастармен кездесу іс-шарасы өтті.

Тағылымды жиын азаматтарға қала тазалығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Кездесуге колледждер мен жоғары оқу орындарының 1-2 курсында білім алатын 70-ке жуық жас қатысты. Ашық диалог барысында мамандар қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, экологиялық талаптарды сақтау және ластанудың алдын алу мәселелерін талқылады.

Заңсыз қоқыс үйінділерімен күреске ерекше назар аударылды. Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Баян Тұңгатарованың айтуынша, жыл басынан бері 37 тексеру жүргізіліп, 37 нұсқама берілген және 64 әкімшілік іс қозғалған. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 505 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 281 млн теңгесі бюджетке түскен.
Экологиялық талаптардың сақталуына бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Жыл басынан бері қалада 20 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның ең көбі Әл-Фараби ауданында – 11 орын анықталған. Абай ауданында – 5, Еңбекші ауданында – 2 заңсыз қоқыс үйіндісі дерегі тіркелген. Аталған аумақтарды тазарту жұмыстарын аудан әкімдіктері жүргізуде. Департамент тарапынан нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл ретте заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жыл мезгіліне қарамастан тұрақты түрде атқарылып келеді.
Кездесуде Шымкент қаласы прокуратурасының прокуроры Асқар Тұрдымұратов экологиялық талаптарды сақтау тек тазалық мәселесі ғана емес, азаматтардың жалпы құқықтық мәдениетінің бір бөлігі екенін атап өтті.
– Экологиялық нормаларды сақтау – әр азаматтың міндеті. Белгіленген талаптарды бұзу жауапкершілікке әкелетінін түсіну маңызды. Профилактикалық жұмыстар заң талаптарын сақтау және қоршаған ортаның жағдайына деген жауапкершілікті түсінуге оң әсер етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады, – деді Асқар Тұрдымұратов.
Бөлісу