DR GEM жүйесі заманауи «Stitching» функциясымен жабдықталған.
Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасына қарасты диагностикалық орталықтың материалдық-техникалық базасы Оңтүстік Кореяның премиум санатындағы DR GEM цифрлық рентген жүйесімен толықты.
Жаңа буынды аппараттың басты артықшылығы – өкпе рентгенографиясында жасанды интеллект (AI) технологиясының қолданылуы. Интеллектуалды алгоритмдер адам көзіне бірден байқалмайтын ұсақ патологияларды, ерте сатыдағы ісіктер мен пневмония белгілерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге нақты диагноз қойып, емдеу шараларын дер кезінде бастауға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, DR GEM жүйесі заманауи «Stitching» функциясымен жабдықталған. Технология омыртқа жотасын немесе аяқ-қолды толық ұзындығымен бір кескінге түсіруге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, сколиозды анықтау, ортопедиялық емді жоспарлау және операциядан кейінгі бақылау кезінде аса маңызды.
Мамандардың айтуынша, жаңа цифрлық жүйе сәулелік жүктемені азайтып, санаулы секундта жоғары сапалы кескін алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда орталықта 3 заманауи цифрлық рентген аппараты жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде пациенттерге қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен жеделдігін арттырады.


