Жас маманның кәсіпорын жұмысына қосқан елеулі үлесінің бірі – экологиялық көрсеткіштерді бақылауға арналған автоматтандырылған бақылау жүйесінің енгізілуіне белсене атсалысуы.
Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – ел экономикасының негізі саналатын өндіріс саласында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың мәртебесін арттыруға және олардың еңбегіне лайықты баға беруге бағытталған маңызды шешім. Осындай жауапты әрі өзекті салада табанды еңбегімен көзге түсіп жүрген жас мамандардың бірі – «Стандарт Цемент» ЖШС-інде жұмыс істейтін Оразбай Баянсұлу Талғатқызы.
Небәрі 28 жаста болса да, Баянсұлу Талғатқызының еңбек өтілі екі жылды құрайды. Осы қысқа мерзім ішінде ол өндіріс орындарындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, табанды әрі нәтижелі жұмыс атқарып жүр. Оның негізгі міндеті – кәсіпорындағы өндірістік қалдықтарды басқару процесін тиімді ұйымдастыру және экологиялық талаптардың толық сақталуын қадағалау.
Жас маманның кәсіпорын жұмысына қосқан елеулі үлесінің бірі – экологиялық көрсеткіштерді бақылауға арналған автоматтандырылған бақылау жүйесінің енгізілуіне белсене атсалысуы. Бұл жүйе табиғат қорғау шараларының тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға тиетін әсерді азайтуға және экологиялық деректерді нақты әрі жедел бақылауға мүмкіндік берді. Мұндай инновациялық тәсіл өндіріс процесіндегі экологиялық қауіпсіздіктің кепілі болып табылады.
Баянсұлу Талғатқызы жас маман ретінде үнемі заманауи технологияларды меңгеруге ұмтылып, экологиялық талаптарға сай жаңа тиімді шешімдерді ұсынуға ықылас танытып келеді. Оның жұмысқа деген жоғары жауапкершілігі мен кәсіби көзқарасы оның білікті маман ретінде тез қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті. Ол өз ісіне деген адалдығы мен ұқыптылығының арқасында әріптестері арасында үлкен сенімге ие.
Оразбай Баянсұлу Талғатқызы – бүгінгі өндіріс саласында еңбек етіп жүрген, еліміздің болашағынан зор үміт күттіретін жастардың жарқын үлгісі. Оның еңбегі мемлекеттің «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қойылған мақсаттарына жетудегі нақты мысал болып табылады, өйткені ол техникалық білімін экологиялық қауіпсіздікпен ұштастыра білген құнды маман.


