Денсаулық сақтау саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбекке – жоғары құрмет
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бірқатар қызметкері Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл марапат – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына үлес қосып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жолында табанды еңбек етіп жүрген мамандардың кәсібилігі мен адал қызметіне берілген жоғары баға.
Қала әкімінің Алғыс хатын табыстаған Қор филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева марапат иелерінің көпжылдық тәжірибесі, өз ісіне деген жауапкершілігі мен халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі еңбектерін ерекше атап өтті.
Марапатталған қызметкерлердің денсаулық сақтау саласындағы еңбек тәжірибелері 40 жылға жуық. Олар саналы ғұмырын медицина мен халық денсаулығын қорғау ісіне арнап, өздерінің кәсіби білімі мен мол тәжірибесін саланың дамуына жұмсап келеді. Осындай білікті мамандардың еңбегі мен кәсіби жолы жас буынға үлгі болып, денсаулық сақтау жүйесінің сабақтастығын нығайтуға зор үлес қосуда.
Қор қызметкерлерінің күнделікті атқаратын жұмысы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және денсаулық сақтау саласындағы маңызды реформаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты – тек жеке жетістіктің ғана емес, бүкіл ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі. Бұл марапат мамандардың кәсіби біліктілігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындап, олардың еңбегінің еленіп отырғанының нақты көрінісі болды.
Өз ісіне адал жандардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, олардың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі мемлекет пен қоғам тарапынан лайықты мойындала бермек.


