​МЕДИАЦИЯ – ҚОҒАМДАҒЫ ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

0
84

Басқосуда медиация институтының қоғамдағы орны мен рөлі талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.


​МЕДИАЦИЯ – ҚОҒАМДАҒЫ ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Медиация – татулық тірегі» атты форум өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын сақтау, ұлтаралық қатынастарда өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту.

Форумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов, академия өкілі Гүлжан Қожақметова, сондай-ақ Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен сертификатталған медиаторлар қатысты.
Басқосуда медиация институтының қоғамдағы орны мен рөлі талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылардың айтуынша, медиация – дауларды сотқа жеткізбей, өзара келісімге келудің ең тиімді құқықтық жолы.
2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң ел ішінде бейбітшілік пен келісім мәдениетін дамытуға негіз болды. Ал өткен жылдан бастап Шымкент қаласында этно-медиация орталығы құрылып, этномәдени бірлестіктер жанынан медиаторлар қызметі жолға қойылған.
– Қай заманда, қай қоғамда өмір сүрсек те, ең бастысы – өзара бірлікті сақтау. Өркениетті елдің іргесі – заң, тұғыры – құқық. Медиацияның басты мақсаты – дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру. Бүгінгі форум осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған. Біздің көздегеніміз – этно-медиация институтының жұмысын жандандырып, медиатор мамандардың беделін көтеру. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтаудың маңызды тетігі, – деді Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев.
Форум барысында медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыру, келіссөз жүргізу мәдениетін дамыту, этно-медиацияның маңызын арттыру мәселелері сөз болды.