​Құқық қорғау кеңесі: жарнама мөлшерлемесі бойынша шешім жобасы қайта қаралуы қажет

0
35

Бұл өзгеріс тек жарнама компанияларын ғана емес, сонымен бірге Шымкент қаласында өз өнімдері мен қызметтерін жарнамалау үшін сыртқы жарнаманы пайдаланатын шағын және орта бизнес өкілдерін де қамтиды


​Құқық қорғау кеңесі: жарнама мөлшерлемесі бойынша шешім жобасы қайта қаралуы қажет

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері, Шымкент қаласы прокуратурасының, Сәулет және қала құрылысы, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармаларының басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары және жарнама саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

Жиында мәслихаттың «Шымкент қаласының аумағында ғимараттардан тыс, ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы мөлшерлемелер туралы» шешімінің жобасы талқыланды.
«Шешім жобасын талдау нәтижесінде құқықтық және реттеушілік бағыттағы кемшіліктер, сондай-ақ, бизнеске тәуекелдер анықталды. Біздің пікірімізше, шағын және орта бизнес үшін мұндай өзгерістер жарнама мен өнімді, қызметті сату шығындарының күрт артуына, сыртқы жарнаманың бәсекелестік құралы ретінде қолжетімділігінің төмендеуіне, сонымен қатар жаңа мөлшерлемені төлей алмау салдарынан бизнестің жабылуына немесе құрылғыларды бұзуға әкелуі мүмкін», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.
Кеңес мүшелерінің пікірінше, бұл өзгеріс тек жарнама компанияларын ғана емес, сонымен бірге Шымкент қаласында өз өнімдері мен қызметтерін жарнамалау үшін сыртқы жарнаманы пайдаланатын шағын және орта бизнес өкілдерін де қамтиды. Өйткені, әр кәсіпкер – дүкендер мен кафелерден бастап өндірістік кәсіпорындар, білім беру орталықтары, техникалық қызмет пен әсемдік салондарына дейін – баннерлер немесе үлкен жарнама құрылғыларын пайдаланады.
«2025 жылы сыртқы жарнама саласынан түсетін салықтың мөлшері шамамен 650 млн теңге болады деп болжанып отыр. Ал егер мәслихаттың бұл шешімі қабылданса, сыртқы жарнамадан жиналатын салық мөлшері 2 миллиард теңгеге дейін артуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қала бюджетін молайтуға оң әсерін тигізеді. Қаулы жобасын әзірлеу кезінде Астана және Алматы қалаларының экономикалық тәжірибесі зерттелді», – деді Шымкент қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Бөрібеков.
Дегенмен, Кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар шешімнің әсерін толық талдауды және ұсынылған мөлшерлеменің негізін дәлелдеу қажет деп есептейді, сондай-ақ, оны бірден максималды көтерудің орнына басқа реттеу әдістерін қарастыруды ұсынды: мысалы, мөлшерлемені біртіндеп көтеру немесе қайта қарау арқылы белгілі бір кезең ішінде өзгерістер енгізу, жарнама құрылғыларының түрі, мөлшері және техникалық сипаттамаларына қарай саралануын қолдану.
Ал Шымкент қаласы мәслихатының депутаты жобаны келесі жылы қабылдауды шегере тұрып, кәсіпкерлерге 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін жаңа Салық кодексіне бейімделу үшін уақыт беру қажеттігін айтты.
Бөлісу