Еліміздегі кәсіпорындарды цифрландыру мен технологиялық жаңғыртуды дамыту бағдарламасы аясында «QazIndusty» «Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді.
Акционерлік қоғам өкілдері өнеркәсіп секторына цифрлық технологияларды, жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге жәрдемдесу, технологиялық жетілу деңгейін бағалау мақсатында бірқатар кәсіпорындарға барып, арнайы кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Ontustik kagaz» ЖШС мен «Бал Текстиль» ЖШС өкілдерімен кездесіп, өндірісті аралап көрді. Іс-шара барысында жасанды интеллект (ЖИ) пен өндірістік үдерістерді автоматтандыруға қатысты кәсіпорындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері талқыланды. АҚ-ның цифрлық трансформациялау дирекциясының бас сарапшысы Айнұр Ахтанованың айтуынша, қазіргі уақытта өнеркәсіп орындарына цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде.
– Өңірге келудегі мақсат – өнеркәсіп орындарына қолдау көрсету, семинарлар, сессиялар өткізу. Осы бағытта биыл Жол картасы әзірленді. «Бал текстиль» ЖШС бізде заманауи цифрлық кәсіпорны жобасына кірген болатын. Осы орайда, бүгінгі аралаудың қорытындысы бойынша ұсыныстар беріледі, бағалау жүргізіледі. Біз өнеркәсіп орындары бойынша толық мәлімет жинаймыз. Өзекті мәселелері болса, цифрлық шешімдерді ұсынамыз. Бұл ретте Astana Hub-пен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – дейді А.Ахтанова.
Сондай-ақ, «QazIndusty» АҚ өкілдерінің «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Shymkent Temir» ЖШС, «AQUA ROSSA» ЖШС кәсіпорындарына баруы жоспарланып отыр. Сапар барысында кәсіпорындардың қазіргі жағдайына кешенді талдау жасалады. Онда өндірістік және басқару процестері, қолданылып жүрген жабдықтар мен бағдарламалық жүйелер қарастырылып, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, кәсіпорындардың даму стратегиясы айқындалмақ.


