Шымкент қаласында жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 «шағын өндірістік алаң құру» жұмыстары аяқталуда. Бұл өндіріс алаңдарында 50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендеткен болатынбыз. Қазіргі кезде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге немесе 3 есеге артып отыр. Биыл жаңа Салық кодексіне байланысты шешімді қайта қабылдап, келесі жылдан бастап жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға артады», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Оның айтуынша, қалада бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде, соңғы 3 жылда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асты. Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып, 1 971 жобаға қолдау көрсетілді.


