«EduCampShym» оқу лагері: нақты мамандықтармен танысып, болашаққа бағыт алу

0
195

Шымкент қаласында оқушыларға арналған ауқымды жазғы кәсіптік бағдарлау жобалары іске қосылды.


«EduCampShym» оқу лагері: нақты мамандықтармен танысып, болашаққа бағыт алу

ERNUR.KZ. 26 мамырдан 9–10-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған «EduCampShym» жобасы өз жұмысын бастады. Ол 27 маусымға дейін жалғасады.

Бұл – қаладағы 9 жоғары оқу орнының базасында жүзеге асып жатқан, білім мен кәсіпке бағыт беруді көздейтін ерекше жоба. Ал 7–8-сынып оқушылары үшін «PROF START» бағдарламасы қолға алынып, оған 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы қатысуда. Аталған жобалар балалардың жазғы уақытын пайдалы өткізіп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға да септігін тигізеді.
– Жазғы лагерьлердің әр күні нақты бір бағытқа арналып, балалардың қызығушылығын оятатын танымдық әрі тәжірибелік сабақтармен толықтырылған. Мақсатымыз – баланың демалысын бос өткізбеу. Олар бір мезетте білім алып, нақты мамандықтармен танысып, болашаққа бағыт алады, – дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бағлан Үмбетбаев.
Оқу лагерьлерінің басты мақсаты – баланың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру ғана емес, оны еңбекке баулу және кәсіби әлеуетін дамыту. Әр жоғары оқу орнында үш ауысымдық жүйеде 10 күндік бағдарлама құрылып, оқушылар нақты мамандықтармен танысу, зертханалық жұмыстар жүргізу, мамандармен сұхбаттасу, жобалар әзірлеу секілді көптеген тәжірибелік сабақтарға қатысып жатыр.
Соның бірі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «EduCampShym» оқу лагері аясында шаралар өтіп жатыр.
Мысалы, осы жобаға қатысып жатқан
№15 Д.И.Менделеев атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Салтанат Шамшидиннің айтуы бойынша мұнда болашақ мамандықтар туралы кеңінен мәлімет беріліп, түрлі шеберлік сабақтар ұйымдастырылған.
– Бұл жоба – біз үшін үлкен мүмкіндік болды, – дейді ол.
Осылайша, Шымкент жастары үшін жаз – тек демалыс уақыты ғана емес, болашаққа дайындық кезеңі де.