1968 жылы туған науқас соңғы 5 жыл бойы артериялық гипертензиямен ауырған.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек аутотрансплантациясы сәтті жүзеге асырылды, деп жазады Stan.kz.
Бұл – науқастың өз бүйрегін алып, қайта қалпына келтіріп, өз ағзасына қайта отырғызу арқылы жасалатын аса күрделі операция.
1968 жылы туған науқас соңғы 5 жыл бойы артериялық гипертензиямен ауырған. Соңғы бірнеше жылда қан қысымы үнемі 250/140 және одан да жоғары болып, өміріне қауіп төндірген. Мұндай жағдайда кез келген уақытта ми қан тамыры жарылып, инсульт алу қаупі өте жоғары болған.
2024 жылы науқастың құрсақ аортасына стент-графт имплантацияланған. Ауруханаға ауыр халде түскен науқас толық тексеруден өткізілді. Тексеру нәтижесінде сол жақ бүйрекке баратын артерияның 99% тарылғаны анықталды.
Аортада стент-графт орнатылғандықтан, дәстүрлі шунттау операциясын жасау мүмкін болмады. Осыған байланысты науқастың сол бүйрегі алынып, оң жақ мықын артериясына қайта тігіліп орналастырылды.


