21 жастағы қыздың өлімі: Шымкент ПД басшысы қызметінен босатылды

0
93

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамауы бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.


21 жастағы қыздың өлімі: Шымкент ПД басшысы қызметінен босатылды

Фото: Шымкент ПД

ERNUR.KZ. Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмысынан босатылды, деп жазады tengrinews.kz.

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамауы бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.

"Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.

Сонымен қатар, қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік шаралар қабылданған.

"Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылған.

Еске салайық, бүгін Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте болған Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қайғылы оқиғаға назар аударды.

"Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды.
Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, 11 қаңтар Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы студент Нұрай қаза тапты. Полиция адам өлтіру дерегін растады және қылмыстық іс қозғады. Күдікті - марқұмның танысы, ол ұсталды.