​Қазақ анимациясының жаңа тынысы: аниматор Мирас Иманмадировпен сұхбат

0
247

«Қазақ жазушыларының шығармаларын жаңа форматта сөйлеткен ұнайды»


​Қазақ анимациясының жаңа тынысы: аниматор Мирас Иманмадировпен сұхбат

Креативті индустрия – бұл тек өнер мен шығармашылық емес, бұл – жаңа экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияны ұлттық экономиканың басым бағытына айналдыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағытта жаңа леп беріп жүрген жастардың бірі – анимация жасаушы, жас креатор Мирас Иманмадиров.

Мирас мектеп кезінен бастап сурет салуға, дизайн мен мультфильм жасауға қызыққан. Табандылықы мен еңбекқорлығының арқасында ол өз жолын тауып, графикалық дизайн, сайт жасаумен айналысты. Кейін анимация саласына бет бұрды. Қарапайым платформалар арқылы тәжірибе жинап, Телеграм арнада және Инстаграм желілерінде авторлық контент жасап, өз аудиториясын қалыптастырды. Оның мультфильмдері өмірлік оқиғаларға негізделген. Көрерменге мотивация, үміт береді. Ой салады.

ERNUR.KZ тілшісі Мирас Иманмадировпен сұхбаттасып, қазіргі анимацияның жай-күйін сұрап білді.
- Мирас, әңгімемізді әуелі өзіңіздің отбасыңыздан, туып-өскен жеріңізден бастасақ...

- Неден бастайын, жасым отызда. 1994 жылы Астана қаласында дүниеге келгенмін. Жиырма жылым Астанада өтті, бес жыл Алматы қаласында тіршілік еттім. Қазір қайтадан ата-анамның жанына оралдым. Ол кісілердің жасы келіп қалды, қастарында қас-қабағына қарап, перзенттік парызымды өтегім келді. Жалпы, Астана болашақтың қаласы ғой. Болашағымды осы қаламен байланыстырғым келді.

- Ал анимация саласына қалай келдіңіз? Бәрі неден басталды?

- Өте жақсы сұрақ. Мен бала кезден мультфильм көргенді ұнататынмын. Біздің бала кезде интернет желісі қазіргідей дамымаған еді. Теледидардан көрсеткен дүниені қанағат тұтатынбыз. Сол кездегі мен жақсы көрген үш мультфильм болды – «Жизнь с Луи», «Хей, Арнольд» және «Что с Энди?». Осыларды қайталап көре беріп, барлық сериясын жаттап алдым. Қайталап көрсете беретін. Өсіп, ержете бастағанда да мультфильм көруден жалықпадым. Ғаламтор арқылы Pixar студиясының «Корпорация монстров» мультфильмін қызыға көрдім. Кейін «Regular Show», «Adventure Time» сияқты логикаға бағынбайтын дүниелерге қызыға бастадым.

Осылайша өз мультфильмімді шығару идеясы келді. Сол кездері Инстаграм желісі пайда болды да, америкалық бір аниматордың парақшасын көріп қалдым. Ол өзінің атын «нашар аниматор» деп жазып қойыпты. Бұл менің қызығушылығымды оятты. Жасаған дүниелері де ерекше екен, картиналарында кейіпкерлердің тек аяғы, қолы және аузы ғана қимылдайды. Ол өз жұмысы арқылы анимация деген тек әдеміліктен тұрмайтынын, негізі мықты сценарий мен жақсы сюжет басты рөл ойнайтынын көрсетті. Мен оның жұмыстарын зерттеп, өте қарапайым, кез келген адам жасай алатын анимация екенін көріп, өз қиялымды дамытып, жұмысымды бастап кеттім. Шынымды айтайын, мен суретші емеспін, суретті нашар саламын. Бала кезімде ағаш үйрек ойыншығым болатын. Бірінші мультфильм де соның негізінде жасалды. Алғашқы жұмысымды желіге жариялағаннан-ақ адамдардың көңілінен шығып, жан-жаққа тарап кетті.
- Қазақстанда креативті индустрия бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұған байланысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Бұл бағдарламаның қабылдануы мені ерекше қуантты. Себебі бұл өнер адамдарының бір орында тұрып қалмай, одан әрі дамуына серпін береді. Креативті индустрияның маған ұнайтын бір жері – айналымға көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ, қыруар қаржының қажеті жоқ. Өнерлі қолың мен креативті идеяң болса жеткілікті. Қазір ғаламтордың өзі біраз шаруаны жеңілдетіп қойған. Істе де, жұмысыңды желі арқылы тарат! Өз өніміңді сата біл!

Осы жақында ғана Креативті индустрия бағдарламасы аясында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жанынан құрылған «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі қазақ анимациясының таныстырылымын жасады. Ол жерде демеушілердің назарына қазақ аудиториясына арналған қысқаметражды мультфильмдердің легі көрсетілді. Бұл - жақсы бастама.

- Жас кәсіпкерлерге, әсіресе анимация саласында жүрген мамандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау керек деп ойлайсыз?

- Біріншіден, грант саны көбейсе деймін. Бір-екі жылға бір ғана бағдарлама қабылданады, ол анимация саласында жүрген жандар үшін жеткіліксіз. Екіншіден, шығарған өнімдерді таратуға арналған бір платформа керек. Жас мамандар тек анимацияны жасап шығарумен ғана емес, оны тұтынушыға дұрыстап жеткізудің тәсілдерін де еркін меңгерсе деймін. Қазір бізде өз туындыңды кинотеатрлардан немесе телеарналардан көрсету өте қиын. Қыруар қаржы талап етеді. Сол мәселе реттелсе екен. Бізде анимацияны қалай жасауды үйретеді, ал оны қалай жарнамалап, сатуды ешкім үйретпейді. Бұған өзіңді заңды түрде қорғауды да қосуға болады. Авторлық құқық деген нәрсе тағы бар.

- Анимация саласы бойынша қандай да бір байқауларға қатысып көрдіңіз бе?

- Мен тек аниматор емеспін, өзімді маркетологпын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өз жұмысымды байқауларға қатысуға емес, аудиторияға таратуға бағыттадым. Қазір Ютубь арнамда 800 мыңнан астам жазылушымыз бар. Қаралымдарымыздың саны 100 миллионнан асқан. Тик-ток, Инстаграм желілерінде де тұрақты түрде жүргізетін парақшаларымыз бар. Ол жерде майда-шүйде әңгімелер айтылмайды. Біз көрермендерге анимация арқылы ғылыми-фантастикалық, танымдық, әлеуметтік мәселелерді жеткіземіз. Мәселен, 30 күн қатарынан фаст-фуд жесең не болады немесе жер бетіндегі судың бәрін күнге құйса, онда қандай өзгеріс болады, отыз күн ұйықтамаса не болады дегендей нәрселерді мультфильм түрінде көрсетеміз. Осындай контенттеріміз 100 мыңнан миллионға дейін қаралым жинайды.

Мен мұның бәрін өз қаражатыма жасап отырмын. Осы арқылы Қазақстанды, қазақ анимациясын әлемге танытқым келген. Бірақ арнайы грантты жеңіп ала алмадым. Қазылар алқасы менің жұмысымды қазақ тематикасына сай емес деп шешіпті. Ал меніңше, қазақ анимациясын әлемге таныту үшін тек қазақи дүниелермен қатып қалмауымыз керек. Өйткені әлемдік деңгейге шыққан анимациялық дүниелердің қаржысы өте көп. Мысалы, «Свинка Пеппа» деп аталатын мультфильмнің қаржы айналымы біздің «ҚазМұнайГаз» компаниясының бюждетінен көп. Сондықтан қазақи нақыш деп қатып қалмай, креативті идеяларға да назар аудару керек деп ойлаймын.

- Мирас, сіздің қазақ жазушыларының шығармаларына арналған анимациялық фильмдеріңіздің барын білеміз. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз...

- Биыл Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толып отыр. Осыған байланысты біздің «Абай қазіргі заманда өмір сүрсе не болар еді?» деген тақырыптағы туындымыз бар. Сондай-ақ Абайдың қара сөздері негізінде бірнеше туынды жасадық. Оған қоса Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Еңлік пен Кебек, Қамар сұлу поэмалары жөнінде жасаған жұмыстарымызбен мақтанамын. Тек бұл ғана емес, қазақ батырларының ерлігі, бес Арыс, үш Бәйтерек сияықты алыптарымыз туралы да танымдық материалдарымызды әлеуметтік желілерден көрермендер тамашалай алады.

- Сапалы, көрерменге қызықты анимациялық жұмыстарды шығару үшін не керек? Біздің Қазақстанның деңгейі қандай бұл салада?

- Қазір Қазақстанда «міне, мынау» деп атын атап, түсін түстеп көрсете алатын табысты, танымал анимациялық картина жоқ. Жақсы идея, мықты команда бар. Небір мықты суретшілеріміз бар. Бірақ олардың көбігде маркетингтік білім жоқ. Көрермен тартудың жолдарын білмейді. Осы жағын қолға алсақ, таяу бес жылдықта әлемдік нарыққа шығуға зор мүмкіндігіміз бар. Басқаларын айтпай-ақ қояйын, өзім осы таяу бес жылдықта өзімнің жеке бизнесімнен жақсы табыс тауып, өз анимациялық картиналарыма өзім демеушілік етіп әлемдік нарыққа шығатыныма бек сенімдімін.

Мысалы, мынау көршілес Ресейде анимация саласына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіледі. «Три кота», «Смешарики», «Маша и медведь» сияқты туындылары шетелдік арналардың сұранысына ие болып отыр. Бірнеше тілге аударылған. Осындай қолдау біздің аниматорлаға көрсетілсе деймін.
- Мирас, уақыт бөліп, ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рақмет. Таяу уақытта сіздің туындыларыңыз әлемдік нарықты қақ жарып, Қазақстанды танымал етеді деп сенеміз. Сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан – С.Кенжалиева,

ERNUR.KZ