​Өміріңізді өзгертетін ЖАҢА ҚАДАМ

0
197

Доктор Джо Диспенза ұсынған сіз білмейтін «Жүру медитациясы»


​Өміріңізді өзгертетін ЖАҢА ҚАДАМ

суреттер: ЖИ

Қазір таңертең және кешке саябақтарда 10 мың қадам жасау мақсатында жүргендерді көп кездестіреміз. Әрине күнделікті 10 мың қадамның денсаулыққа зор пайдасы бар екені баршаға белгілі. Сол бір сағаттық серуенді тек калория жағып қана қоймай, мидағы нейрондарды баптап, қалауыңызға жылдам қол жеткізетін қуатқа айналдыруға болады десек сенесіз бе?

Иә! Рас. Бұл фантастика емес, әлемге танымал доктор Джо Диспензаның өміріңізді жаңа арнаға бұратын «Жүру медитациясы» деп аталатын әдістемелік тәжірибесі. Автор өзінің «Сверхъестественный разум» кітабында қарапайым адамдардың түйсік күші мен кванттық өрісті пайдалана отырып, тағдырын қалай қайта жазғаны жайлы ғылыми дәлелдермен кеңінен тарқатады. Кітаптың электрондық нұсқасын интернеттен жүктеп алып оқып шықсаңыз артық болмайды. Ал біз бұл техниканың орындалу тәртібін ұсынамыз.



Джо Диспенза кім?

Бұл методиканың жай ғана ниет емес, өмірді түбегейлі өзгертетін ғылыми тәсіл екеніне сеніміңізді арттыру үшін авторға аз-кем тоқталып өткен жөн. Джо Диспенза нейробиология, кванттық физика, эпигенетика мен мидың мүмкіндіктерін зерттеген америкалық ғалым, хиропрактик, халықаралық бестселлер кітаптардың авторы.

23 жасында оны жүк көлігі қағып кетіп, омыртқасы 6 жерден сынады. Дәрігерлер жұлынға металл имплант орнатуды ұсынғанымен, Джо операциядан бас тартты. Ол адам ағзасының өзін-өзі қалпына келтіру қабілетіне сеніп, күнделікті медитация арқылы әрбір омыртқасының сауығып жатқанын миында егжей-тегжейлі елестетті. 9 аптадан соң ол қайтадан аяққа тұрып, өмірін ми мен сананың денеге ықпалын зерттеуге арнады.


Орындалуы

Миллиондаған адамның өмірін өзгерткен жүру медитациясы қалай орындалады?

1) Серуенге шыққанда табиғат аясынан тыныш орын тауып, бір сәтке тоқтаңыз. Көзіңізді жұмып, осы сәтте болуға назар аударыңыз.

2) Жүрек тұсына көңіл бөліп, 2 минут бойы баяу әрі терең тыныс алыңыз.

3) Алғыс, қуаныш, шабыт сезімдерін ұялатыңыз. Осы ішкі күйді 2-3 минут ұстап, денеңіздің айналасына таратыңыз.

4) Мақсатыңызды егжей-тегжейлі елестетіңіз. Мысалы, пәтер алуды армандап жүрсіз делік. Сол арманыңыз орындалғанда қандай сезімде боласыз? Сол сезімді сезініп көріңізші. Сол үйде тұрып жатқандай жаңа баспанаңыздың әр бөлмесін, терезеден түскен жарықты, шашу шашқан туыстарды елестетіңіз. Қонаққа жайылған дастархандағы жаңа піскен бауырсақтың иісін сезініңіз. Осы асқақ күйде 2 минут отырыңыз.

5) Көзіңізді ашып, жүруді бастаңыз. Әр қадам сайын бойыңызға жаңа энергия жинап, ішкі көтеріңкі күйді сақтаңыз.

6) Жүру барысында болашақтағы жаңа өміріңіздің бейнелерін ойша көріп, солармен бірге өмір сүріп жатқандай әсерде болыңыз.

7) 10 минут жүрген соң тоқтап, процесті басынан қайталаңыз. Содан кейін әдеттегі ырғақпен жүре беріңіз.

8) Үйге қайтарда мақсатыңызға жетіп қойғандай шексіз ризашылық пен сүйіспеншілік сезімін бастан кешіріңіз.

Күнделікті таңғы серуеніңізге осылайша сәл ғана өзгеріс енгізу арқылы санаңызды жаңартып, жаңа өмірге қадам басасыз. Тұрақты қайталасаңыз, оң өзгерістер көп күттірмейді!

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Баланың сау әрі зерек өсуіне көмектесетін 3 ереже

«Ниет бұрымы» техникасы армандарды орындайды