Бір күнге ҚУАТ БЕРЕТІН таңғы 3 медитация

0
190

Небәрі 15-ақ минут арнайсыз.


Бір күнге ҚУАТ БЕРЕТІН таңғы 3 медитация

Фото: pexels.com

Еңбек демалысынан кейін де шаршау басылмай, ұйқышылдық қысып, әлсіздік мазалай ма? Бұл – ағзаның энергия қоры азайып, жүйке жүйесінің толық қалпына келмегенінің белгісі. Мұндай кезде ең тиімді тәсілдердің бірі – таңертеңгі 15 минутты өзіңізді қуаттандыруға арнау.

Таңертеңгі қысқа, бірақ әсері ұзаққа созылатын медитация сіздің санаңызды «оң толқынға» қояды, көңіл-күйіңізді көтереді, денеңізді энергиямен толтырады.

Төменде үш медитациядан тұратын таңғы кешен берілген. Оны бар болғаны 15 минутта жасап шығасыз.



1-медитация: Жүректегі жылу (5 минут)

Бұл – эмоционалды тепе-теңдікті қалпына келтіретін және қуаныш сезімін оятатын медитация. Жағымды естеліктер – миды белсендіреді. Бұл серотонин мен дофаминнің бөлінуін арттырып, шаршауды азайтады.

Қалай жасалады:

  • Ыңғайлы отырып, көзіңізді жұмыңыз.
  • Қолыңызды жүрек тұсына қойыңыз.
  • 5 секунд мұрынмен терең дем алыңыз → 5 секунд ауызбен баяу шығарыңыз.
  • Бір қуанышты, бақытты сәтті еске түсіріңіз. Сол естелік жүрегіңізді жылытып, бойыңызды мейірімге толтырсын.
  • Осы сезімді 5 минут бойы сақтаңыз.



2-медитация: Күн энергиясымен толтыру (5 минут)

Бұл әдіс шаршаған денені жылы энергиямен оятып, күш-қуатты арттырады. Ішкі ресурсты белсендіреді.

Қалай жасалады:

  • Тыныш, жайлы жерде отырып немесе жатыңыз.
  • Көзіңізді жұмыңыз.
  • Мұрын арқылы 4 секунд дем алыңыз → 4 секунд ұстап тұрыңыз → 6 секунд ауызбен шығарыңыз. Оны 3–4 рет қайталаңыз.
  • Күннің алтын сәулелері басыңыздан аяғыңызға дейін құйылып, бойыңыздағы ауырлықты кетіріп, энергиямен толтырып жатқанын елестетіңіз.
  • Іштей немесе сыбырлап: «Мен энергияға толымын. Мен күштімін. Мен сергекпін» деп қайталаңыз.
  • 5 минуттан соң көзіңізді жаймен ашып, бірнеше терең тыныс алыңыз, денеңізді жеңіл созыңыз.



3-медитация: Қуат демі (5 минут)

Бұл – ағзаны тез оттегімен қанықтыратын, ұйқышылдықты кетіретін әдіс. Оттегінің артуы – мидың жұмысын жеделдетіп, ұйқышылдықты азайтады, реакция жылдамдығын арттырады.

Қалай жасалады:

  • 30–40 рет терең дем алыңыз (кеудені және ішті толтырып, ауаны еркін шығарыңыз).
  • Соңғы демді шығарғаннан кейін 30–60 секунд тынысты ұстап тұрыңыз.
  • Бір терең дем алып, 15 секунд ұстап, қайта шығарыңыз.
  • Бұл циклді 2 рет қайталаңыз.


Егер осы үш медитацияны күн сайын жасасаңыз, 7–10 күн ішінде:

- таңертең жеңіл тұрасыз,

- көңіл-күйіңіз жақсарады,

- физикалық шаршау азаяды,

- миыңыз сергек жұмыс істей бастайды.

Ал егер тұрақты әдетке айналдырсаңыз, күніңіз энергия мен шабытқа толы болады.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

"Болашақтағы МЕН" техникасымен өзіңді өзгерте аласың

Мәселеңді ЖАЗ да, ЖЕҢілде