АСКЕЗА арқылы кез келген НӘПСІні ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ

0
156

Тіпті аскезамен тұрмысқа шығу, көлік алу, саяхат секілді армандарға қол жеткізгендер көп...


АСКЕЗА арқылы кез келген НӘПСІні ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ

Фото: ЖИ

Жаз – ұзақ күткен демалыс пен саяхаттың, еркіндік пен сергудің мезгілі. Алайда үш ай көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Көп жағдайда өмірімізде ешқандай өзгеріс болмағанын аңғарып, іштей өкініп жатамыз. Сіз де әр күзді «Осы жазда не бітірдім?» деген сұрақпен қарсы аласыз ба?

Психологтар жазды жай ғана тынығу емес, өмірді жаңа арнаға бұратын мүмкіндік ретінде көруге кеңес береді. Соның бір тиімді жолы – аскеза тәжірибесі. Ең бастысы, бұл әдіс жазды көңілді өткізуге, саяхаттауға және күнделікті тұрмысыңызға ешқандай кедергі келтірмейді.



Аскеза деген не?

Аскеза (грек тілінен аударғанда – жаттығу, өзін тәрбиелеу) – адамның өз тәнін, ойын және ниетін саналы түрде шектеу арқылы рухани немесе жеке күш дамыту практикасы. Немесе белгілі бір психологиялық немесе материалдық мақсатқа қол жеткізу үшін адамның өз еркімен, саналы түрде 40 күн бойы үйреншікті жайлылықтан, уақытша рахаттардан немесе зиянды әдеттерден бас тартуы деуге болады.

Ежелгі дәуірлерде адамдар аскезаны карманы тазарту, күнәлардан арылу, рухани кемелдену үшін қолданған. Ал қазіргі психологияда бұл ерік-жігерді дамытуға, өзін-өзі басқаруға және жаңа пайдалы әдеттер қалыптастыруға көмектесетін тәжірибе ретінде қарастырылады.

Басты артықшылығы – адам өзімен терең деңгейде жұмыс істей отырып, ескі ойлау үлгілері мен мінезін түбегейлі өзгертіп транформацияланады. Сыртқы шектеу ішкі еркіндікке жол ашады. Адам бейсаналы түрде өз қалауын жүзеге асырудың жаңа, сапалы жолдарын іздей бастайды.



Әсері

Бұл тәжірибе жай ғана «төзімділік сынағы» емес. 40 күн – бұл адам ағзасы мен психикасы қайта бағдарламалаудан өтеді. Осы уақыт ішінде ішкі әлемде мынадай іргелі өзгерістер орын алады:

  1. Нейропластикалық серпіліс. 40 күн ішінде мидағы зиянды әдеттерге жауапты ескі нейрондық байланыстар әлсіреп, бұзылады. Оның орнына жаңа, салауатты және берік әдеттердің жүйесі қалыптасады.
  2. Ерік-жігер дамиды. Қиын нәпсіні, уақытша құмарлықты 40 күн бойы басқара алған адам «құрбан» рөлінен шығып, өмірінің шынайы авторына айналады.
  3. Өзіне берген уәдесін орындай алған адамда өз нәпсісін жеңіп шыққан нағыз жеңімпаздың күйі қалыптасады. Адамның өз-өзіне деген сенімділігі ең жоғарғы шегіне жетеді.
  4. Зор ішкі энергия сыртқа жаңа идеялар, шығармашылық серпіліс болып шығады. Көптен бері кейінге шегеріп келген істерді бір деммен бітіруге деген шабыт пайда болады.
  5. Зейін мен анықтық тұрақталып, өмірдің дәмін қайта сезінесіз. Адам өмірдің қарапайым сәттерінен (таңғы таза ауа, жақын адаммен шынайы әңгімелесу, оқылған кітап) үлкен қуаныш ала бастайды. Ойлау қабілеті анық, шешімдері айқын болады.



Аскезаны қалай қабылдайды?

Рухани және кванттық психология бағытында аскезаны сәтті аяқтау – «Ғаламнан (Жаратушыдан) өзіңе тиесілі сыйды алу» деп сипатталады. Яғни, сіз өз қалауыңыздан (тәтті, жалқаулық, өсек т.б.) саналы түрде бас тартқан кезде, сол әрекетке жұмсалатын үлкен энергияны бұғаттан босатасыз. Заңдылық бойынша, бұл босаған энергия міндетті түрде бір нәрсеге жұмсалуы керек. Сондықтан аскезаны бастар алдында бұл энергияны қай бағытқа (ниетке) аударатыныңызды нақты бекіту (жариялау) өте маңызды.

Ол үшін 40 күн бойы қай нәпсіні тәрбиелейтініңізді таңдаңыз. Мысалы:

  • Кешкі сағат 21:00-ден кейін әлеуметтік желілерге мүлдем кірмеу.
  • Мелодрама, сериал, жалпы кез келген фильм көрмеу.
  • Қанттан, тәттілерден және фастфудтан толық бас тарту.
  • 40 күн бойы нан, ұннан жасалған тағамдарды татып алмау.
  • Кешкі сағат 18-ден соң ешнәрсе жемеу.
  • Күн сайын таңғы сағат 5:00-де (немесе 6:00-де) тұру.
  • Күнделікті 10 000 қадам жүру немесе 1 сағат спортпен айналысу.
  • 40 күн бойы ешкімді сынамау, жамандамау, талқыламау, өсек айтпау.
  • Спиртті ішімдік ішпеу...

Мүмкін сіз темекі шегу, құмар ойынына жоламау аскезасын таңдарсыз. Өзіңізге "Қандай нәрселерге тәуелдімін? Менің уақытымды ұрлап жатқан не? Қай әдетім өмірімнің өзгеруіне кедергі?" деген сұрақтарға жауап жазу арқылы 40 күн неден бас тартатыңызды таңдаңыз.

Таңдау жасалған соң енді сол бас тартқан нәрседен босаған энергияның бағытын анықтау қажет. Ол үшін қағазға ниет келісімшартын жазып бекітесіз. Мысал келтірейік, сіз сол мысалға қарап, өз келісімшартыңызды жазасыз.


№1 ҮЛГІ. «Мен, (аты-жөніңіз), жақсы жар (бақытымды) жолықтыру үшін аскеза қабылдаймын. (Басталатын күні) бастап 40 күн бойы күнделікті таңғы уақытта жүгіруге серт беріп, аскеза қабылдаймын. Осы тәжірибеден алатын барлық энергияны мен болашақта берік әрі үйлесімді қарым-қатынас құратын сүйікті адамымды жолықтыруға бағыттаймын».

№2 ҮЛГІ. «Мен, (аты-жөніңіз), (күні) бастап 40 күн бойы өсек айтпауға, шағымданбауға, ешкімді ғайбаттамауға аскеза қабылдаймын. Босаған барлық энергияға алғыс айтамын, мен оны өзіме қолайлы, жеңіл әрі қауіпсіз жаңа Kia Sportage автокөлігін сатып алуға бағыттаймын».


Осы үлгілерге қарап, әркім қалауына қарай саяхат, денсаулық, жаңа жұмыс үшін де аскеза қабылдауына болады. Энергияны бағыттайтын қалау-тілегіңіз нақты, анық, тек өз өміріңізге қатысты болу керек.

Келісімшартты қағазға өз қолыңызбен жазып, қол қойып, өзіңізге көрінетін жерге сақтап қойыңыз. Егер ниет дұрыс қойылса, аскеза аяқталған тұста немесе барысында жазған тілекке орай маңызды мүмкіндіктер, керек адамдар, қаржылық табыстар немесе көптен шешілмей жүрген мәселелердің шешімі өздігінен, яғни кванттық секіріс сияқты келе бастайды. Сіз тек сол мүмкіндіктерді көріп, пайдаланып, әрекеттенуіңіз қажет.



Егер аскеза бұзылып кетсе не істеу керек?

40 күн ішінде ереже бұзылса, аскеза үзілген саналады және оны қайтадан 1-ші күннен бастау керек. Ол үшін өзіңізді кінәлаудың, жек көрудің немесе жазғырудың қажеті жоқ. Өйткені аскеза – жазалау емес, жаттығу. Спортшы ауыр жүк көтергенде өзін жазаламайды, керісінше ол күшейеді. Аскеза да солай.

Ендеше, аскеза қабылдауға дайынсыз ба? Қай нәпсіңізді тәрбиелеуге тоқтадыңыз? Бәлкім, дәл осы жаз сіздің өміріңіздегі үлкен бетбұрыстың бастауы болар.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

"Өзіңді өзің кездесуге шақыр" техникасы

28 күнде жаңа өмір: Ронда Берннің «МАГИЯСЫ»