Ұлы ғұлама Эйнштейн "уақыттың өлшеуіші - эмоция" деген екен. Ал эмоциямызға ең қатты әсер ететіндер - ағайын-туыс, бауырлар.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
Қазақ халқы «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деп бекер айтпаған. Ағайын арасындағы сыйластық – адам өміріндегі ең бағалы құндылықтың бірі. Ол отбасылық байланыстарды нығайтып, рухани күш береді. Жаның да, ұйқың да тыныш болады.
Дегенмен, күнделікті өмірде ұсақ-түйек келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер, қарызды қайтармау туыстық қарым-қатынастың салқындауына әкелуі мүмкін. Бұл көңіл күйге әсер етеді, ал көңіл күй әр күніңізге, жұмысыңызға, отбасындағы атмосфераға да әсер етеді. Ұлы ғұлама Эйнштейн "уақыттың өлшеуіші эмоция" деген екен. Ал эмоциямызға ең қатты әсер ететіндер - жақындарымыз. Сондықтан ағайын-туыспен, бауырлармен тату болған дұрыс.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, ағайын арасындағы татулықты сақтау үшін бірқатар қағидаларды ұстану маңызды.
1. Жеке шекараны құрметтеу
Ағайынды туыстық байланыс жақындатқанымен, бұл оның жеке өміріне рұқсатсыз араласып, күнде үйіне бара беру дегенді білдірмейді. Әркімнің өз өмірі мен шекарасы бар. Осыны есте ұстаған абзал.
Туыстар бір-бірінің өміріне араласқанда, кейде шектен шығып, орынсыз ақыл айтып, немесе бұйымдарын пайдаланып реніш тудыруы мүмкін.
Мысалы, бір отбасыда мәселе туындады делік. Жақын жанашыр бауыры ретінде ақылыңызды айтыңыз, кеңес беріңіз, білгеніңізбен бөлісіңіз. Бірақ шешім қабылдауды өзіне қалдырыңыз. Сондай-ақ туысыңыз өзі айтып сұраса ғана кеңес беріңіз.
Рас, кейде "Жұрттан естіген шығар, неге бір ауыз жағдайымды сұрамады" деп ренжитін ағайын болады. Егер мәселесін өзгеден естісеңіз, «Саған қалай көмектесе аламын, қалай қолдау көрсете аламын?» деген сөздермен бастаңыз. Ары қарай қалай қадам жасайтыныңыз белгілі болады.
2. Ашық сөйлесу
Ағайын арасында материалдық мәселелер – қарыз, сыйлық, мұра бөлісу сияқты жағдайлар жиі дауға себеп болады. «Біз туыспыз, қарызды күтеді», "Кешіреді бөтен емеспіз" деген ой қате түсінікке жетелеуі мүмкін. Сондықтан барлық мәселеде ашық сөйлесуді үйрену қажет.
Мысалы, қарыз берсеңіз, қайтару мерзімін және шарттарын алдын ала нақтылаңыз. «Осы ақшаны қай уақытта қайтара аласың?» деп сұрау екі жақты да ұрыс-керістен сақтайды.
Мүмкіндігінше маңызды мәселелерді жазбаша рәсімдеңіз. Бұл сенімсіздік емес, керісінше, екі жақтың да жауапкершілігін арттырады. Ал мұра немесе ортақ дүние бөлінгенде, әркімнің үлесіне әділ қараңыз.
3. Қуаныш пен қайғыда бірге болу
Ата-бабамызда "Ағайын бір өліде, бір тіріде керек" деген сөз бар. Ағайынның қуанышы мен қайғысына ортақтасуды – міндетім деп біліңіз. Материалдық немесе моральдық қолдау көрсету – барлық адамның ағайынынан күтетін қамқорлық.
Мысалы, туысыңыздың баласы университетке түссе, қоңырау шалып құттықтаңыз. Жүректен шыққан жылы сөз, шағын сыйлық немесе той-томалағына қатысу – ағайынға деген ілтипатты білдіреді. Егер алыста болсаңыз, бейнеқоңырау арқылы немесе хат жазып құттықтаңыз, бұл – қашықтыққа қарамастан жақындықты сақтайды. Немесе қиын сәтте үйіне барып денсаулығын, жағдайын сұраңыз.
4. Көмектесу
«Ағайынға тілекші бол» деген сөз тек сөзбен шектелмеуі керек. Мысалы, туысыңыздың үй салуына қол ұшын беру, кәсібін қолдап, жылы пікір айту немесе баласының жетістігіне қуану – бауырмалдықтың көрінісі.
Үлкен көмек көрсете алмасаңыз да, кішкентай қолдау (мысалы, қонақ күтісу, ыдысын жуу, көлігіңізбен заттарын тасу, үй шаруасына көмектесу) үлкен әсер қалдырады.
5. Өсектемеу
Ағайын арасына іріткі салатын ең қауіпті нәрсе – өсек пен бәсекелестік. Ағайынның жетістігін салыстырмай, олардың өз жолындағы еңбегін мойындаңыз, үлгі алыңыз.
Ешқашан ешкімге туысыңызды жамандамаңыз, кемшіліктерін, құпиясын айтпаңыз. Ғайбаттамаңыз.
Туыстар туралы сөз қозғалғанда тек жағымды пікір айтыңыз. Егер біреу өсектеп жатса, "Иә, ол сондай..." деп қосылып жамандамаңыз. Керісінше оны тоқтатуға тырысыңыз.
6. Ұрпақтарды татулыққа үйрету
Ағайын арасындағы татулық тек үлкендердің жауапкершілігімен шектелмейді. Кіші буын да құрмет көрсетуге тиіс. Сол секілді жастар үлкендердің тәжірибесіне сүйеніп, олардың кеңесіне мән беруі керек. Жалпы үлкендер мен жастар арасында ашық әңгіме болуы қажет, бұл – өзара түсіністікті арттырады. Балаларын бір-біріне ағайын-туыс екенін айтып отыру, араластыру.
7. Кешірімді болу
Ағайын – қанмен байланысқан, жүрекпен жалғасқан ең жақын жандар. Олардан алшақтау – өз тамырымыздан ажырағанмен тең. Сыйластық, ашықтық, қолдау және кешірімділік – ағайын арасындағы негізгі қағида.
Әрине ағайын арасында келіспеушіліктер болуы заңды. Бірақ ренішті ұзақ ұстау – туыстық байланысты әлсіретеді. Ескі реніштерді қайта-қайта еске түсірудің орнына, өз дамуыңызға, болашаққа ұмтылыңыз.
Реніш болса, оны іште сақтамай, сыпайы, сабырлы түрде талқылаңыз. Егер өзіңіз қателессеңіз, кешірім сұраудан ұялмаңыз.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: