Сурет: ukstudycentre.com
Ауылдан қалаға келген студенттің бәріне жатақхана табыла бермейтіні белгілі. Біразы пәтер жалдап, туыс жағалайтыны анық. Сол жастарға жаңа жерде өзін қалай ұстауды, біреудің үйінде тұрса, мүлкіне қалай қарауды үйрету - ата-ананың жауапкершілігі. Әйтпесе, сырттай болмашы боп көрінген бұл нәрсе үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Тіпті ағайын арасына алауыздық боп түсуі де ғажап емес. Оған ERNUR.KZ порталына келген мына бір оқырман хаты дәлел.
"Қайынәпкемнің осында оқитын қызы бірге оқитын құрбыларымен пәтер жалдап тұратын. Енді биыл екінші баласы оқуға түскен. Қыркүйекте жездеміз бен әпкеміз келіп біздің пәтерімізде тұрғызуды сұраған болатын.
Біз үйленгеннен кейін бірден қалаға кететініміз басынан белгілі болды. Сөйтіп қайынатам еншімізді бірден беріп, күйеуіме тиесілі мал басын атаған болатын. Кейін ақылдаса келе, сол малдарды сатты да, үстіне өз атымыздан несие шығарып қосып, бір бөлмелі пәтер сатып әперді. «Пәтер жалдап тұрғанша, сол ақшаны несиеге құйыңдар. Несие біткенде бастарыңда өз баспаналарың қалады» деп ақыл қосқан ата-енем.
Сол үйде тұрып өсіп-өндік. Несие де жабылды, одан кейін екі жақтап жұмыс істеп жүріп, жер үй де салынды. Қазір жер үйде тұрамыз. Орталық жақтағы бір бөлмелі пәтерімізді студенттерге жалға береміз.
Күйеуімнің әпке-жездесі сол пәтерді сұрап келіп тұр ғой. «Басқаға бергенше, біздің қыз бен балаға беріңдер» дейді. Әрі туыс-бауырлығын пайдаланып, басқалардан арзандау етіп келісіпті күйеуіммен. Туған бауыры ғой, мен де қарсы болмадым.
Өзіміздің балдар ғой деп күзден бері әлі барып тексермеген едім. Жақында сол пәтерге барып, қаным қарайып қайттым. Қайынәпкемнің баласы қасына тағы екі дос баласын алыпты. Бізге білдірмей олардан пәтерақыға ақша алатынға ұқсайды. Ал қызы ас бөлмеде жатады екен.
Оларына қоя берші дейтін едім, егер ұқыпты, таза тұрса. Олай емес, үйдің быт-шытын шығарыпты. Тұрғандарына жарты жыл енді болды ғой. Бірақ қаншама жерін бүлдіріп, сындырып тастаған. Тазалық туралы мүлде айтпай-ақ қоюға болады.
Ашуланып, күйеуіме айттым. Ол әпкесіне айтқан екен, қайынәпкем «Айназға айтамын, енді жинап, жуып-тазалап жүреді» депті. Ал сынған-бүлінген дүниелерді жөндеп береміз деген сөз аузынан шықпаған ғой. «Кейін оқуды бітіріп, ақша тапқан кезде бәрін бүтіндеп берер өздері. Әйтпесе, біздің үйге келгенде сендер де қалай болса солай жүріп, ақыларыңды аласыңдар да. Басқа қайтеміз енді» деп күліп отыр дейді.
Адамның маңдай терін, еңбегін бағаламайтын, дүниенің қадірін білмейтін қайынәпкемнің балаларын үйден қуып шыққым келді. Жазда кете ме деп ойласақ, осында болып, жұмыс істейміз дейді. Мен күйеуімнің, күйеуім әпкесінің сөзінен аса алмай, ештеңе айта алмай отырмыз енді."