"Перзентсіз адамның алдында балаңмен мақтанба"

0
203



"Баласы жоқ адамның алдында балаңмен мақтанба"... Бұл сөз кейде ойланбай айтылған мақтан сөздердің қаншалықты ауыр тиетінін ұқтырады. Мен осыны жүрегіммен түсінген жанның бірімін" деді ERNUR.KZ порталының кезекті қонағы.


"Мен бір баладан кейін қайта ана бола алмадым. Бастапқыда өзімді кінәладым. "Егер ертерек отбасын құрсам, көп балалы ана болар ма едім?" деген ой күндіз-түні жанымды жегідей жеді.

Абысындарымның әрқайсысында төрт-бестен бала бар. Олар кейде аңдамай сөйлеп қояды. Қыдырып бара қалсақ, балаларына "Әпкеңді тыңда, бауырың ғой. Ертең сені ойлайтын осы әпкелерің болады" деп ақыл айтады. Бұл маған "Сенің балаңның туған бауыры жоқ" дегендей түйілетін. Жалғыз ұлымның жалқылығы жанымды ауыртып, көңілім жабырқап қайтам.

Сөйтіп жүргенде бір жамағайынның үйіне құдайы асқа бардық. Олар ауылда тұрады. Келім-кетім аяғы саябырсыған соң сол үйдің үлкен келіні даладағы қазанға су ысытып, ыдыс жууға кірісті. Күйеуім сонда тұратын досын кездестіріп қалып, бір жаққа кеткен. Қарап отырмайын деп, ыдыс жууға көмектестім. Көршісі де келіп, "Сен жу, мен таза суға шайып тұрайын" деді. Танысып, әңгімеміз жарасып кетті. Сол аралықта аулада ойнап жүрген екі жасар балам кеп екі-үш рет еміп кетті. Иә, мен баламды 2,5 жасқа дейін омыраудан айырмадым.

"Бақыттысың ғой, балаңды емізіп... Маған емізу бақыты бұйырмаған" деді көрші әйел. Жасы елуге таяған оның жүзіне барлай қарадым. "Әлгінде қызым деп бір кішкентай қызды ертіп жүр едіңіз ғой" дедім. "Ол қайнымның қызы, бауырыма басқанмын. Бірақ ақ сүтімді бермегенмін ғой" деп, әңгімесін бастады.

Көрші әйел төрт рет жүкті боп, толғатып өмірге сәби әкелген екен. Алайда балалары екі-үш айлығында шетінеп кете беріпті. Кейін бөбектер үйінен үш жасар ұл бала асырап алыпты. Бірақ тағдыр тағы да сынап, баласы өзенге ағып кетіп қайтыс болыпты.

Бұл жағдайдан соң жындыханаға түсе жаздапты. Күйеуі ең мықты деген психотерапевтерге апарып, ұзақ уақыт емдепті. Ағайын-туысқан ортаға түсіп жүріп, қайнысының қызын бауырына басыпты. "Осы қызды бауырыма басқан соң, мен өмірге қайта келгендей болдым. Өмірімнің мәніне айналды. Әйтсе де әлі де балаларын айтып мақтанып отырған аналардың қасында бір түрлі күй кешем" деді.

"Біреуді көріп пікір етесің, біреуді көріп шүкір етесің" дегендей, мен сол күннен бастап күнде шүкір айтуды үйрендім. Басты байлық - перзентіңнің амандығы екенін түсіндім. Қолымдағы аманатқа басқаша қарадым.

Анам бірде "Бір бала он балаға татуы мүмкін. Тек сен оны дұрыс тәрбиеле, жан-жақты білім бер", - деген еді. Сол сөз мені күйзелістен құтқарып, өміріме бағдар болды.

Содан бері 25 жыл өтіпті. Ұлымның тәрбиесіне, жеткен жетістіктеріне, шыққан биігіне қарап сүйсінем. Расында да он балаға татитындай етіп тәрбие-білім берген екенмін. Тіл-көзім тасқа!

Өмірден түйгенім, ең бастысы – перзенттің амандығы, денінің саулығы. Біреудің баласын көріп, көңіл жабырқатудың қажеті жоқ. Құдай берген сыйды бағалаңыз, барыңызға қанағат етіңіз. Әйтпесе өз-өзіңізді, өміріңізді қиындатып жібересіз. Барға шүкір айтыңыз, жоқты ойламаңыз."