"Сіздерге басымнан өтіп жатқан жағдайлар туралы жазып, өздеріңізден ақыл-кеңес алсам ба деймін. Өйткені, не істерімді білмей басым қатып кетті" деп шағым айтты ERNUR.KZ порталының астаналық оқырманы. Шағым емес, шарасыздық деп түсіндік мұнысын.
"Тұрмысқа шыққаныма 3 жыл болды. Барлығы бірден жақсы болып басталды дей алмаймын. Өзім де түсінбеймін, оған қалай тұрмысқа шықтым, неге келісім бердім? Менің көзімді біреу байлап қойғандай, күштеп тұрмысқа бергендей сезімдемін. Әйтпесе мені өз туыстарымнан ешкім қинаған жоқ. Бірақ дәл сол бір сәтте өзіме есеп бере алмайтындай халде болдым ба, оны да ашып айта алмаймын. Әйтеуір осының барлығы мен ұйқылы-ояу жүрген сәтте болған сияқты сезім.
Кейде «Бәлкім олар мені оқытып па, бірдеңе жасап үйленбеді ме екен?» деген арам ой келеді. Олай ойлауымның да өз себебі бар.
Өйткені, күйеуіме деген сезімім жоқ. Ол менің жаныма жақындап кетсе, жанасса, денем тітіркеніп, жиырылып қаламын. Оны ұнатпайтынымды бетіне де айттым. Қайтемін енді? Мұндай ыңғайсыз сезімдермен, қолайсыз жағдайда өмір сүру жаныма тиді, расын айтсам.
Ажырасып кете салуға талай мүмкіндік те болды. Бірақ білмеймін, қанша жек көріп тұрсам да одан кете алмаймын. Өзі талай рет «кет» деп айтқан. Жаныма бататын ауыр сөздерді де шімірікпестен айтады.
Тұрмысқа шықпай тұрып күйеуімді бір-ақ рет көргенмін. «Бұл қалай? Қазір 21 ғасыр ғой» деп таң қалуларыңыз мүмкін. Бірақ солай болды. Ол «Сені ұнатып қалдым, үйленейік» деді, мен «иә» деп келісім бермесем де, «жоқ» та демедім.
Солай олар тізгінді өз қолдарына алып, тойды бастап жіберді. Сол сәттерде не болып жатқанын толық түсінбеген сияқтымын. Негізі денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ, бірден осы ой келеді ғой сау адамға. «Бұл қыз неге бұлай деп отыр, өзінің не айтып отырғанын түсіне ме екен?» деген күмәнді ойлардың туындауы да заңдылық. Алайда мен ештеңені түсіндіріп бере алмаймын. Тек сіздерге айта алатыным, мен өз күйеуімді ұнатпаймын.
Танысқанда жағдай былай болды, менің көршім бар, яғни ата-анамның көршісі. Жақсы кісі еді. Ата-анам да онымен емен-жарқын араласып, бір-бірін шайға шақырып, бір отбасыдай болып кеткен. Мен ол кезде оқуымды жаңадан бітіргенмін. Әкем жұмысқа орналастыру үшін таныс-тамырларынан сұрастырып, жолдарын қарастырып жүрген болатын.
Сондай күндердің бірінде ұялы телефоныма бейтаныс номерден ватсап желісі арқылы хат келіп түседі. Ашып қарасам, «Сәлем, сұлу қыз! Танысайық» деп жазыпты.
Көрінген адаммен таныса беретіндей ақымақ емеспін. Оның үстіне интертетте алаяқтар қаптап жатқан уақыт. Жауап беруге қорықтым. Менің хатты ашып оқығанымды білген ол қайтадан жазды. Сол кезде «Жоқ, мен ешкіммен таныспаймын!» деп төтесінен әрі нақты жауабымды жаздым.
Ол да қайтпайды, жаза береді. Сосын менің жеке деректерімді, телефон номерімді кімнен алғанын білгім келіп, дөрекі түрде сұрап тергедім. Сөйтсем, номерімді ол жігітке берген – көршіміз екен. Бұл жігіт оның ұлының әскерде бірге борышын өтеген досы екен. Сол сәтте қатты ренжідім. Көршіме де айттым, «Рұқсатсыз номерімді ешкімге беруші болмаңыз!» деп ескертіп қойдым. Көршім кешірім сұрап, ол жігіттің мені сыртымнан көріп ұнатып қалғанын айтып ақталды.
Солай күндер өтеді. Қамсыз жүрген күндерімнің бірінде жаңағы номерден тағы да жазады. Мен оған жауап беріп, ары қарай қалай екенін білмеймін, әйтеуір сөйлесіп кеттік. Бастапқы кездегі дөрекілік жоқ менде.
Ол жігіт Астанада, ал мен Қарағанды қаласында тұрамын. Екі қаланың арасы да анау айтқандай шалғай емес. Солай телефонмен сөйлесіп, танысып жүріп, бір күні кездесуге шақырды. Ол Қарағандыға келетін болды.
Содан екеуіміздің алғашқы кездесуіміз болды. Сол бір-ақ кездесу. Ертеңіне Астанаға қайтпақшы болған. Сөйтіп мені үйге дейін шығарып салды.
Алғашқы кездесуден кейін мен оған «енді сізбен сөйлеспеймін, болды, осы жерден нүктесін қояйық» деген болатынмын. Ол да жарайды деп келісіп кеткен еді.
Арада екі күн өткен соң оны іздей бастадым. Күн сайын хат жазып, халімді сұрап тұратын адамға үйреніп қалған сияқтымын. Содан шыдамай, өзім жаздым. Үшінші күн дегенде. «Жақсы жетіп алдыңыз ба?» деген сұрақпен бастадым. Ол да мені күтіп отырғандай бірден жауап берді.
Сөйлесуіміз тағы да жалғасты. Арада бір ай өтер-өтпестен ол анасының «үйлен» деп қинап жатқанын, егер мен келіссем, сырға салып ұзатып алып кететінін айтқанда бірден келістім. Білмеймін, ойланған жоқпын, ойлана алмай қалған сияқтымын сол сәтте.
Ол мен туралы анасына айтыпты, суретімді де көрсетіпті. Айтуы бойынша, анасына мен қатты ұнап қалыппын. Солай мен де өз ата-анама айтып, тез арада тәтті шай, сырға салу, ұзату, оның артынан іле-шала үйлену тойымыз да өтті. Барлығы көзді ашып-жұмғанша тез өтіп кеткен сияқты болды. Тойдың қызығымен мән бермеген шығармын. Бірақ барлығы басылған соң, келін болып түскеніме бір ай толмай жатып, күйеуімнің шынайы бет-бейнесі ашыла бастады.
Кішкентай ғана кикілжің, түсініспеушілік бола қалса, «Бұл үйден кет! Қайдан келдің, сонда кет! Мен сені күштеп әкелген жоқпын» деген дөрекі мінезін, қылықтарын көрсете бастады.
Өзім тұрмысқа шыға салысымен екі аптадан кейін жұмысқа тұрдым. Ата-енем әке-шешеме солай уәде берген.
Енем «Босқа жатпай, ақшанды тауып, ұсақ-түйегіңе жаратып жүр. Үйде алып бара жатқан қиын жұмыс жоқ, жассың, жұмыс істе» деген.
Негізі менің енем де, атам да жақсы кісілер. Бірақ, баласы кімге тарқанын білмеймін. Ата-енеммен арамызда ешқандай мәселе жоқ, күйеуім ғана әлі есеймеген бала секілді. Сәл нәрсеге «кет» деп шығады.
Арамызда баламыз жоқ. Кейде ойланамын, әлі баламыз болмай тұрғанда кетіп тынайын ба деп. Бірақ, ата-енем мен үшін барлығын істеп отыр, ол кісілерге де бауыр басып қалдым. Бір ақымақ ұлы үшін оларды да қиып тастап кете алмай жүрмін."