​«Қалың малға келісе алмадық»: алматылық ару жігітінің сараңдығынан айырылысып кеткенін айтты

0
2 917

«Ұсыныс жасаған кезде таққан сырғасы мен жүзігін де алып қойды»


​«Қалың малға келісе алмадық»: алматылық ару жігітінің сараңдығынан айырылысып кеткенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


"Осыдан бірнеше жыл бұрын ағамның жар дегенде жалғыз досы екі жыл жүріп, сүйіп, күйіп үйленген әйелімен бір жылдан соң ажырасып кетті. Ол кезде мектепті бітіргелі отырған жаспыз. «Жандостың әйелі қызын алып, төркініне кетіп қалыпты» деп мамамдардың үйде талқылап, әңгіме еткені есімде. Сол кезде екі жастың айырылысып кетуіне қалың мал мәселесі себеп болған.

Әкесі мүгедек, анасы мектептің еденін жуатын Жандос өзімен бірге оқыған группалас қызды аларда артынан қалың малды аздау апарыпты. Жағдайына қараған шығар енді. Бірақ соны қыздың әке-шешесі менсінбей, қит етсе «той істемедің, қалың малды дұрыстап бермедің» деп ұрыс шығарып, ақыры екеуін ажырастырып тынып еді», - деп әңгімесін бастады Шынар есімді бойжеткен.


Осы оқиғаны естігенде «қалыңмалда тұрған не бар» деп аң-таң болған бойжеткен рада он жылдай уақыт өткенде дәл осы проблема өзінің алдынан шыққанын айтады. Болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Өздеріңіз білесіздер, қыздың жасауына, күйеу жігіттің әкелетін қоржыны мен қалың малына ерекше мән беретің өңірлер бар. Бұл үшін құдалар жағы бірнеше мәрте кездесіп, алыс-берістерін саралап, ортақ бір келісімге келгенше талқыға салады. Сөйтіп той күнін белгілеп, ырғалып-жырғалып барлық кәде-жоралғыны аяқтайды.


Бірақ бұл дәстүр әр өңірде әртүрлі болады екен. Оны мен өзге өңірдің жігітімен жүргенде түсіндім. Екеуміз де Алматыда оқығанбыз. Жұмыс бабымен туған елімізге қайтпай, қалып кеткенбіз. Тағдыр бізді таныстырды, қыз-жігіт боп бір жылдай кездестік. Бір қарағанда бойы ұзын, атына сай, жүзі нұрланып тұратын. Менің де сымбатым одан кем емес деп қояйыншы. Жүрген жерімізде араласатын достарымыз «Бір-біріңді адаспай тапқансыңдар» деп жиі мақтайтын.


Нұрсұлтан маған бір күні үйленуге ұсыныс жасады. Оны да достарымен өзара ақылдасып, маған тосынсый қылып істеген. Күтпеген ерекше оқиға болды. Тап сол жерде ұсынысын қабыл алып, құлағыма сырғасын, қолыма жүзігін салдырдым. «Нұрсұлтан деген мәрт екен, біздің жігітіміз тек сақина салып еді, сенікі сырғасын да қоса алыпты» деп бәрі қызыға қарады. Сол сәтте менен бақытты жан жоқтай көрінген.


Білмеймін, қыз бен жігіт боп жүргенде бір-бірімізді сөзсіз ұғатынбыз. Мәселенің бәрі үйлену тойының дайындығына келгенде ашыла бастады. Ол ата-анасын Алматыға шақырып, мені таныстырды. Менің әке-шешеммен қатарлас кісілер екен. «Мамыр айының соңына қарай» Шымкентке жолға шығып, құда түсуге барамыз» деп Нұрсұлтанның анасы бәрін жоспарлап келген екен. Сол жерде мен «Біздің жақта құдалықтан бұрын «тәтті шай» деген рәсім бар, екі жақтың ата-анасы кездесіп, тойдың мәселесін ақылдасады. Онда мен ата-анамды осында шақырайын, кездесіп, танысарсыздар» дедім. Сөйткенше болған жоқ, Нұрсұлтанның анасы «Жоқ, оның еш қажеті жоқ. Біз өз салтымызды жасап, жөнімізбен бара береміз. Ол кісілерді бері әурелеп, шаршатпа» деп азар да безер болды. Мен біртүрлі боп қалдым. Не дегенмен құда болатын адамдардың тойға дейін кездесіп, танысқаны жақсы ғой...


Арада біраз уақыт өткенде жігітіме ойымды тағы айттым. «Негізі екеуі кездесіп, қалың мал, киіт мәселесін шешіп алғанда болар еді, әлде де уақыт бар ғой, кездестірейікші» дедім. «Оның еш қажеті жоқ, біздің жақта қалың мал деген бермейді. Ата-анаңа подаркаларын алып бара береді ғой» деп жігітім жайбарақат жауап берді.


«Қалың мал бермейді» дегенді естігенде аң-таң болдым. «Қалай сонда? Ертең сендер қалың мал, қоржын дегенді әкелмейсіңдер ме?» деп қайтадан тәтпіштеп сұрадым. «Қоржын-поржынды білмеймін, бірақ қалың малды точно апармайды. Меніңше, ертең сенің ата-анаң біздің елге қонақ боп келгенде, беретінін сол кезде береді-ау» деп Нұрсұлтан түсіндіріп өтті. Маған оның бұл әңгімесі мүлдем ұнамады. Мені қойшы, ауылдағы ел-жұрт, ағайын-туыс ертең «қандай адамдармен құда болған» деп күлмей ме? Ата-анама бұл жағдайды қалай айтам? Осыны Нұрсұлтанға айтып едім, «көреміз» деп қысқа қайырды.


Сол аптаның соңында Шымкентке жолға шықтым. Бар ойым мамаммен ақылдасып, болашақ қайын жұртымның салтын түсіндіріп көру болған. Менің әңгімемді тыңдаған мамам да шошып кетті. «Қызық па деймін, біздің өңірдің қызын алуға келе жатқан соң осы елдің кәдесін істеп келуі керек қой. Сонда олардың жағдайлары жоқ па, баяғы Жандос құрлы болмаған ба? Әкелсе ертең сол ақшаға екі есе қосып тұрып өздеріне тірлігіңді апарып берем ғой. Қой, ертең ел күледі, жігітіңе айт, әке-шешесімен сөйлессін» деп қайта-қайта құлағыма құйып, мені Алматыға шығарып салды.


Алматыға келген соң Нұрсұлтанмен қайта кездестім. «Болмайды екен, кемі бір миллиондай әкелесіңдер» деп анамның айтқанын жеткіздім. Ол «Жарайды, мен де ауылға барып, ақылдасып келейін» деп қоштасқан. Сол кездесу біздің соңғы кездесуіміз боларын ол кезде дым сезбеппін.


Екі күннен соң ватсапқа «Кешір, сенің елің бөлек, біздікі бөлек, біздің ортақ шешімге келуіміз қиын екен. Одан да екіге айырылысқанымыз жөн екен» деп хабарлама жіберіпті. Оқығанда шок болдым. Ата-анасының ықпалымен жазып отыр ғой деп ойладым. Сөйтіп «Алматыға келерсің, бұл туралы сол кезде сөйлесерміз» деп қысқа қайырдым. Бірақ жігітім сол күйі хабарласпады. Қоңырау соқсам телефонын көтермейді.


Бір аптадан кейін досын жіберіпті. «Шынар, Нұрсұлтан сыйлаған сырға мен жүзікті қайтарып бере аласың ба, сұратып жатыр» дегенде айтарға сөз таппай қалдым. Не ойлағанымды айтайын ба? «О, Құдай осыншалықты ұсақ, өз пікірімен, өз басымен жүре алмайтын еркексымақтан дер кезінде алыстатқаныңа рахмет» дедім. Күйеуге тиіп, анасының айтқанынан шыға алмайтын еркекке ұрынғаныма өкініп отырғанша, дер кезінде мінезін, пейіл-ниетін білгеніме қуандым.


Негізі қыз бен жігіт боп жүре бастаған кезден-ақ "Ертең үйленсек қайда тұрамыз, ақшаны кім табады, қанша бала болады, тойымызды қалай жасаймыз?" деген сұрақтарды, тіпті үй шаруасындағы ұсақ-түйек нәрселерді де отырып, ақылдасып алған дұрыс екен. Заманның талабы сондай, мұны қазір психологтар да айтып жатыр. Егер көзқарастарыңыз, пікіріңіз онымен сәйкес келмесе, бауыр басып қалмай тұрғанда тоқтата салған жөн шығар..."