​"Бала тусаң өзгереді" деген – өтірік": 40 жастағы әйел жалқау еркектердің мүлде өзгермейтінін айтты

0
146

"Әке атанғанда барлық еркек өзгереді. Жауапкершілігі артады" деп сендірді...


​

Сурет: sun6-23.userapi.com

"Мен үлкендердің "Бала дүниеге келсе, бәрі өзгереді" дегеніне сендім. Оның "Ұл туып берсең, түзелем" деген уәдесіне сендім. Бірақ оңбай алдандым" деген келіншек жас қыздарға сабақ болсын деген ниетпен өз өмірін ERNUR.KZ порталына жариялауға келісімін берді.


"Қыз-жігіт боп жүрген кезде оның мінезіндегі кемшіліктерді байқамадым десем, өтірік болар. Байқадым. Бірақ отбасы құрған соң ағамның өзгергенін көріп, бұл да сабырлы болады деп ойладым.

Студент кезінде жалқау еді, уақытын босқа өткізетін. "Жас қой, ақыл тоқтатқанда бәрі реттеледі" дедім. Туған күнінде өлесі мас боп қалғанын көрдім. Бірақ "Өз туған күнінде бәрі ішеді ғой. Жылына бір рет ішкенде тұрған ешнәрсе жоқ" деп өзімді жұбаттым.

Тұрмыс құрдым. Алғашқы айда-ақ дауыс та, қол да көтерді. Киімдерімді жинап төркінге кеттім. Соңымнан енем барды. "Әке атанғанда барлық еркек өзгереді. Жауапкершілігі артады" деп сендірді. Кешірдім... Кешіре бердім.

Сөйтіп үш жыл өтті. Қыз тудым. Артынша тағы қыз бала өмірге келді. Күйеуім өзгермеді.

Ұл тудым. Ұлымның кішкентай саусақтарын алғаш рет ұстағанымда, көзіме жас келді. Қуаныштан, үміттен, жүрегімнің түкпірінде қалған әлсіз сенімнен жыладым.

Алғашқы күндері расында да басқаша болды. Ол баланы қолына алып, маған көмектескендей болды. Демалыс күндері үйге әкеп сыра ішетінін доғарғандай көрінді. Бірақ бұл тек уақытша екен.

Көп ұзамай баяғы әдетіне қайта басты. Тағы әр демалыс күні сыра. Жұмысынан шығып қала береді. Тағы жұмыс іздеу. Тағы ұрыс-керіс. Балаға қосылып менің жылауым. Баяғы сценарий қайталанып жатты.

"Қыздарымыз бойжеткенде ұялар, өзгерер" деп тағы да күттім. "Мүмкін, әлі де түсінер..." деп жүргенде жасым 40-қа келді. Ол өзгермеді. Өйткені ешқашан өзгергісі келген жоқ.

Мен өмірімді жұрттың "Бала тусаң өзгереді" деген мифіне сеніп өткізіппін. Әр бала – оның өзгеруі үшін емес, менің оянуым үшін келген екен. Ал мен орта жасқа келгенде көзімді ашып, бала – құтқарушы емес екенін түсіндім. Егер еркек өзгергісі келмесе, ештеңе оны өзгертпейді. Мен осыны ұқтым. Осыны түсінген күні өзімді аядым. Жылдарымды, жүйкемді, жастығымды босқа жұмсағаныма өкініп жыладым...

Білем, кеш ояндым. Бірақ бұл шағын жазбам қаншама жас келіншектер мен бойжеткендерді ертерек оятатынына сенем."