"Әр жұма күні гүл сыйлайды": пойыздағы әйел күйеуі екеуі қандай қиындықтардан өткенін айтты

0
287

" Ерлі-зайыптының арасында тәтті естеліктер көп болса, қиын сәтте бір-бірін тастап кете алмайды"


Сурет: i.pinimg.com

"Астанадан пойызға отырдым. Купеде төртеуміз - баласымен бірге келе жатқан апай, бір студент қыз және мен. Жайғасып алған соң бәріміз шай ішіп, танысып кеттік.

Апайдың жасы қырықтан асқан екен. Өте әңгімешіл, көрген-түйгені мол кісі. Әр оқиғаны айта отырып, сөзін үнемі: «Бұны неге айтып отырмын? Сендерге сабақ болсын» деп аяқтайды. Содан ба, әңгімелері ойымнан кетпей қойды. Жастарға тәрбие сабағы болсын деген оймен ERNUR.KZ порталына жазып жолдадым.


Апайдың айтқаны: "Әй осы қазіргі қыз-келіншектер жігіттен көңіл бөлуді, сыйлықты көп сұрайтын болды ғой. Кейбіреулер шынында да азаматының титтей көңіліне зәру. Ол ер-азаматтың қателігі. Бірақ енді бір әйелдер бар, жарының жағдайына қарағысы келмей, көп талап ете беретін. Бұл енді барып тұрған қанағатсыздық. Әй, мені кезінде туған күнімде пирожки беріп құттықтаған, соған да мәз болғанбыз."

"Пирожкимен? Ол қалай болды?" деп бәріміз қызықтай сұрадық.

"Түнде күйеуім оятты. Беті-қолы ұн, қолында тарелкаға салынған бір пирожки, үстінде бір свеча жанып тұр. Мен ұйқылы-ояу едім, туған күнім екенін ұмытып та кетіппін. Ол «Торт алуға ақшам жетпеді, қолымнан келгені осы ғана. Бірақ уәде беремін, сені ешнәрседен тарықтырмау үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін» деді.

Көзіме жас келді. Ол кезде екеуміз де студентпіз. Сол пирожкидің үстіндегі шамды үрлеп, бір жылап, бір күліп алдық.

Аллаға шүкір, күйеуім уәдесінде тұрып, менің армандарымды орындау үшін бәрін істеді. Өте еңбекқор. Алты баламыз бар. Көкелерің әлі күнге дейін еркелетіп, әр жұма күні гүл сыйлайды. Жарды қателеспей таңдағаныма қуанам. Иманды, мінезі жайлы, білімді, келбетті әрі еңбекқор күйеу - бұл қыздың ұтып алған лотореясы сияқты ғой.

Әйелге әрқашан күйеуінің махаббатына бөленуден артық бақыт керек те емес. Ал еркек үшін – әйелінің сый-құрметін көру ғана қажет. Әйел сыйламаса, еркектің жүрегіндегі махаббат суып қалады. Сыйлаңдар да, сүйікті болыңдар... Ерлі-зайыптының арасында эмоциялық естеліктер көп болса, олар қиын сәтте бір-бірін тастап кете алмайды. Эмоциялық естеліктер алыс кетсе, сағындырады. Осыны да есте ұстаңдар..."

Апайдың осы сөздерінде әрбір жігіт пен қызға отбасының іргесін сөкпей, босағасын берік ұстауға сеп болатын өмірлік даналық жатыр."