Сабақтағы “ТЫНЫШ СҰРАҚ” әдісі ҮНДЕМЕЙТІН оқушыны да СӨЙЛЕТЕТІНІН білдіңіз бе?

0
251

Үндемей отыратын оқушы шынымен білмегендіктен сөйлемей ме, әлде оған ой жинауға мүмкіндік жетпей ме?


Сабақтағы “ТЫНЫШ СҰРАҚ” әдісі ҮНДЕМЕЙТІН оқушыны да СӨЙЛЕТЕТІНІН білдіңіз бе?

сурет: dziendobry.tvn.pl

Қазіргі мектепте мұғалімнен жылдамдық талап етіледі. Бағдарлама тығыз, уақыт шектеулі, нәтиже өлшенеді. Сабақ үстінде де бәрі қарқынмен жүруі керек сияқты көрінеді: сұрақ қойылды – жауап алынды – келесі тапсырмаға өттік. Бірақ осы қарбаластың арасында сіз бір маңызды нәрсені ұмытып кетпедіңіз бе? Сыныптағы әр баланың ойлануына жеткілікті уақыт беріп жүрсіз бе? Үндемей отыратын оқушы шынымен білмегендіктен сөйлемей ме, әлде оған ой жинауға мүмкіндік жетпей ме? Соңғы жылдары педагогикалық тәжірибеде жиі айтылып жүрген “Тыныш сұрақ” әдісі дәл осы мәселеге назар аудартады.


Бұл әдістің сырттай қарағанда ешқандай “ерекше” жері жоқ. Сұрақ қоясыз да, үндемейсіз. Бірақ мәселе ұзақтығында. Кемінде 20–30 секунд. Әдетте біз 3 секундтан кейін-ақ: “Жауап жоқ па? Кім айтады?” деп кетеміз. Ал шын мәнінде, бала миы ақпаратты қабылдап, талдап, жауап құрастыру үшін уақыт қажет. Әсіресе ойын жүйелеп айтатын, қателесуден қорқатын, сынып алдында қысылатын балаларға.

Бір қызығы, алғашқы кезде сынып бұл әдіске дайын болмайды. Үнсіздік орнағанда бір-біріне қарайды, күледі, қозғала бастайды. Мұғалімнің өзі де іштей мазасызданады. “Уақыт кетіп жатыр” деген ой мазалайды. Бірақ дәл сол сәтте шыдау керек. Өйткені 15–20 секундтан кейін аудиторияның энергиясы өзгереді. Көздер төмен түсіп, дәптерге қарау басталады, біреулер ернін жыбырлатып іштей жауап құрастырады. Бұл – ойдың жүріп жатқан белгісі.

Кейін сөз бергенде, үнемі белсенді оқушы емес, бұрын сирек сөйлейтін баланы таңдасаңыз, сыныптағы баланс өзгере бастайды. Бір рет сөйлеген бала екінші рет батылырақ болады. Үшінші рет өз еркімен қол көтеруі мүмкін. Бұл әдіс тек жауап алу үшін емес, баланың ішкі сенімін өсіру үшін керек. Мен бір оқушының “маған асықпай жауап беруге мүмкіндік бергеніңіз үшін рахмет” дегенін ұмытпаймын. Ол сөз мен үшін үлкен көрсеткіш болды.


“Тыныш сұрақ” әдісі тәртіпті де реттейді. Себебі балалар біледі: сұрақ қойылса, бәрі ойланады. Жауап бірден сұралмайды, бірақ кез келгені таңдалуы мүмкін. Бұл сыныпта ортақ жауапкершілік қалыптастырады. Сонымен қатар, мұғалімнің дауыс ырғағы мен көзқарасы өте маңызды. Егер үнсіздік кезінде сіз ашулы немесе шыдамсыз көрінсеңіз, әдіс әсерін жоғалтады. Ал сабырлы, сенімді күйде тұрсаңыз, балалар да сол қалыпқа енеді.


Бұл тәсіл кез келген пәнге келеді. Әдебиетте кейіпкер әрекетін бағалағанда, тарихта оқиғаның салдарын талдағанда, биологияда болжам жасағанда, математикада есептің шығару жолын түсіндіргенде. Маңыздысы – сұрақ сапасы. Ойлантпайтын, бір сөздік жауаппен шектелетін сұраққа үнсіздік те көмектеспейді. Ал терең, салыстыруды, дәлелдеуді талап ететін сұраққа уақыт беру – баланың интеллектуалдық еңбегін құрметтеу деген сөз.


Біз кейде сабақтағы тыныштықты қауіп деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, кей тыныштық – ойдың ең белсенді кезеңі. Мұғалімнің кәсіби деңгейі кейде қанша сөйлегенімен емес, қашан үндемей қалғанымен өлшенеді. Соңғы рет сіз сұрақ қойғаннан кейін әдейі шыдап, үнсіз тұрған кезіңіз қашан болды?