Қай елде демалыста жұмыс туралы ойлауға заңмен тыйым салынған? Мұғалімдердің жазда саяхаттауына жағдай жасайтын қай мемлекет?
коллаж: ЖИ
Үш ай жаз – мектеп оқушылары мен мұғалімдері үшін демалыс деп білеміз. Алайда көпшілік ойлайтындай, ұстаздардың үш ай бойы ештеңемен айналыспай, тек демалып жататыны сирек кездеседі.
Әлемнің әр елінде мұғалімдер жазғы демалысты әртүрлі өткізеді: бірі саяхатқа аттанса, енді бірі жаңа оқу жылына дайындалып, кәсіби біліктілігін арттырады. Кейбір елдерде ұстаздар жазда қосымша табыс тауып, еріктілікпен айналысады немесе арнайы лагерьлерде жұмыс істейді.
Финляндия: демалыста жұмыс туралы ойлауға тыйым салынған
Финляндия мұғалімдері әлемдегі ең бақытты мамандардың бірі саналады. Жаз мезгілінде олар жұмыстан мүлде қол үзіп, отбасымен уақыт өткізуге тырысады. Көпшілігі көл жағасындағы шағын үйлеріне барып, табиғат аясында тынығады, велосипед тебеді, кітап оқиды.
Фин ұстаздары жазда келесі оқу жылын ойлап алаңдамайды, сабақ жоспарын әзірлеуге асықпайды. Өйткені олардың пікірінше, жақсы демалған мұғалім ғана оқушыларға сапалы білім бере алады.
Жапония: жаз – демалыс емес, өзін дамыту кезеңі
Жапонияда жазғы каникул оқушылар үшін ғана демалыс. Ал мұғалімдердің көпшілігі мектепке барып, кәсіби біліктілігін арттырумен айналысады. Олар әріптестерімен тәжірибе алмасып, семинарларға қатысады, жаңа оқу материалдарын дайындайды.
Сонымен қатар жапон мұғалімдері оқушылардың жазғы үйірмелері мен спорттық клубтарына жетекшілік етеді. Сондықтан олардың жазғы демалысы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда қарбалас өтеді.
Франция: мұғалімнің саяхаттауына мемлекет жағдай жасайды
Францияда мұғалімдердің жазда саяхаттауы және мәдени демалысы үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан француз ұстаздары ұзақ жазғы демалысты саяхатқа арнайды. Көптеген педагогтар жазда жаңа елдермен танысуға мүмкіндік алады.
Ел ішіндегі тарихи қалаларды аралап, көрші мемлекеттерге сапар шегеді. Кейбірі мұражайларға, көрмелерге жиі барып, мәдени көкжиегін кеңейтуді жөн көреді.
АҚШ: қосымша табыс пен жазғы лагерьлер
Америкада барлық мұғалімнің жазғы демалысы бірдей өте бермейді. Кейбірі толыққанды демалса, енді бірі қосымша табыс табу үшін жазғы мектептерде немесе балалар лагерінде жұмыс істейді.
Сондай-ақ көптеген ұстаздар онлайн курстардан өтіп, магистрлік бағдарламаларға қатысады. Кейбірі жеке репетиторлықпен айналысып, жаңа оқу жылына қаржылық дайындық жасайды.
Оңтүстік Корея: білім алуды тоқтатпайды
Оңтүстік Кореяда мұғалімдер жаз мезгілінде де оқуды жалғастырады. Олар жаңа технологияларды меңгеріп, арнайы курстарға қатысады. Кейбір педагогтар шетелге барып, тіл үйренуге немесе тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады.
Сонымен бірге кәріс ұстаздары денсаулыққа ерекше мән беріп, тауға шығу, жаяу серуендеу және спортпен айналысу сияқты белсенді демалысты ұнатады.
Австралия: табиғат аясындағы тынығу
Австралияда жаз мезгілі біздің қыс айларына сәйкес келеді. Сондықтан мұғалімдердің ұзақ демалысы желтоқсан мен қаңтарда басталады. Бұл кезеңде олар жағажайда демалып, кемпингтерге шығып, отбасымен бірге саяхаттайды.
Австралиялық педагогтар жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке ерекше мән береді. Сондықтан демалыс кезінде қызметтік мәселелерден алшақ болуға тырысады.
Қазақстан мұғалімдері жазды қалай өткізеді?
Ал қазақ елінің мұғалімдері үшін нақты бір демалыс үлгісі жоқ. Қазақстандық ұстаздардың жазғы демалысын «6 Т» мезгілі деп те атауға болады:
- Той-томалақ (Құдалық, ұзату, мерейтой, шілдехана... Мұғалімнің еңбек демалысы ақысының басым бөлігі осыған кетеді).
- Тұрмыс (Үйдегі тазалық, жөндеу жұмыстары, әктеу-сырлау, құрылыс).
- Тірнектеп жинау (Қысқа банка жабу: салаттар, тосап, компот; жеміс-жидектер мен көкөністерді мұздатқышқа қатыру).
- Тенденция (Тамыз кеңесіне дайындық, жаңа оқу жылының КТЖ мен ҚМЖ жинақтау, ЖИ құралдарын үйрену, т.с.с.).
- Төлеу (несие, қысқы соғымның қалып кеткен қарызы, балалардың жазғы демалысы, келесі оқу жылының киім-кешегі, т.б.)
- Тынығу (Егер уақыт пен қаражат артылса шетелге саяхақа шығу, оған мүмкіндік болмаса, Қазақстанның көрікті жерлерін, туыстарды аралау, шипажайға, емханаға бару).
Жан-жақты түгел қамтуға тырысатын біздің ұстаздар үшін жаз – нағыз марафон. Жоғарыда айтылғанның бәріне үлгеруге тырысып, жүгіріп жүріп қалай зу етіп те шыққанын байқамай да қалады.
Ұстазға кеңес: «Кәсіби күйіп кетуден» (Burnout) сақтану үшін демалыстың алғашқы екі аптасында жұмыс чаттарының дыбысын өшіріп, архивке салған абзал. Электронды поштаны тексермеңіз. Психологтардың зерттеуінше, мидың мұғалімдік рөлден толық шығуы үшін кемі 10-14 күн қажет.
Әлемнің қай елінде болмасын, мұғалім мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тоғыз айға созылған оқу жылынан кейін ұлт ұстаздарының толыққанды демалуы өте маңызды. Эмоционалдық шаршаудың алдын алу, кәсіби күйіп кетуден сақтану және жұмысқа деген ынтаны сақтау үшін демалыс сапасы үлкен рөл атқарады. Сондықтан жазғы демалыс ұстаздар үшін жай ғана бос уақыт емес, жаңа күш жинап, білімін толықтырып, отбасына көңіл бөлуге арналған ерекше кезең.
Демалыста немен айналысуды таңдау әр ұстаздың өз еркі. Ең бастысы, шын мәнінде өзіне пайдалы, жан дүниесін тынықтыратын, қуат беретін және жаңа оқу жылына шабытпен қадам басуға көмектесетін кезеңге айналса болғаны. Өзіне уақыт бөліп, жақсы демалған мұғалім ғана жаңа оқу жылын сергек те серпінді бастап, шәкірттеріне білім мен тәрбиені зор ықыласпен бере алады.
Сіз ше, құрметті ұстаз? Биылғы жазғы демалысыңызды жоғарыдағы елдердің қайсысына ұқсатқыңыз келеді?
Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


