​АҚЫЛЫ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫН қалай есептейді?

0
264

"Отпускной" қанша шығатынын есептеудің ең оңай жолы


​АҚЫЛЫ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫН қалай есептейді?

Сурет: ЖИ

Педагогтер үшін ең маңызды тақырыптардың бірі — ақылы еңбек демалысы. «Қанша күн демаламын? Отпускной қанша түсер екен?» — бұл әр мұғалімнің, әсіресе, жас маманның оқу жылы бойына ойынан шықпайтын сұрақ. Міне, көптен толғандырған осы сұрақтың нақты жауабын білер сәт те жақын.

Карточкаңызда әдеттегіден «көп» сан көлбеңдегенде, қайда жұмсарыңызды жоспарлауға асықпаңыз. Алдымен оның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіңіз. Ол үшін өзіңіз заңдық негізге және есеп-қисабына жетік болуыңыз керек.


№1. «Қанша күн демалыс беріледі?»

Педагогке демалыс беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт ескеріледі.

ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 12-бабында көрсетілгендей, педагогтердің еңбек демалысының ұзақтығы – 56 күнтізбелік күн. Бұл – толық бір жыл үшін, яғни, ақылы еңбек демалысына шығатыннан тура 365 күн бұрын да қызметкер осы жұмыс орнында болған жағдайда.


№2. «Жұмысқа тұрғаныма 1 жыл толмаса ше?»

Егер педагог білім беру ұйымында бір жылдан аз жұмыс істеп, жұмысқа қабылдану туралы бұйрықтың шыққанына толық 12 ай болмаса, демалыс күндері жұмыс істеген кезең (ай) негізінде есептеліп, жалпы саны қысқарады. Мәселен, оқу жылының басында, 1 қыркүйектен бастап қызметіне кіріскен мұғалім маусымда еңбек демалысына шықса, ол үшін 9 айлық мөлшермен есептеледі.

Демалыс күндерін есептеуде толық 56 күнтізбелік күнді 12 айға бөледі:

56:12=4,66

Осы шама нақты жұмыс істеген ай санына көбейтіледі.

Жоғарыдағы мысал бойынша есептесек:

4,66*9=41,94

Жақын санға дөңгелектегенде, 42 демалыс күні шығады.

Тағы бір мысал, педагогтың жұмыс істеу мерзімі толық 3 ай болса (2026 жылдың наурыз айынан мамырдың соңына дейін):

4,66*3=13,98

Демек, осы оқу жылында үш ай жұмыс істеген мұғалімге 14 күн ақылы еңбек демалысы тиесілі.


№3. «Мектепте істеймін, бірақ мұғалім емеспін...»

Білім беру ұйымындағы басқа санатты қызметкерлер үшін еңбек демалысы:

  • әкімшілік-шаруашылық персонал үшін – 30 күнтізбелік күн;
  • техникалық персонал үшін – 24 күнтізбелік күн.

Демалыс күндерін күнтізбе бойынша санағанда, мерекелік демалыс күндері есепке алынбайды.


№4. «Отпускной» қанша шығады?

Еңбек демалысының ақысын есептеу үшін әр айдағы табысыңыздың жиынтығын сол айлардағы жұмыс күндерінің жалпы санына бөлесіз. Осылайша бір күндік жалақыңыз шығарылып, сол арқылы есептеледі. Ол сізге неше күн еңбек демалысы берілгеніне де байланысты.

Ең кең таралған 56 күндік еңбек демалысының мысалымен есептесек, педагогтың әр айдағы еңбекақысы тұрақты түрде 300 000 теңге болса:

300 000*12=3 600 000

(3 600 000:12):29,3=10 238 (орташа күндік жалақы)

Тағы бір мысал – 3 ай жұмыс істеп, табысы тұрақты түрде 250 000 болған жағдайда:

250 000*3=750 000

(750 000:12):29,3=2 133 (орташа күндік жалақы)

Келесі кезекте орташа күндік жалақыны тиісті еңбек демалысының күнтізбелік күніне көбейтіңіз.

Бірінші мысалда: 10 238*56=573 328 теңге

Екінші мысалда: 2 133*14=29 862 теңге


№5. Сауықтыруға арналған жәрдемақы

Еңбек демалысы ақысымен бірге сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Мөлшері – бір лауазымдық жалақы (оклад). Онда дәптер тексергеніңіз, сынып жетекшілігіңіз немесе басқа да қосымша үстемеақылар мен сыйақылар қосылмайды, тек таза жалақы ескеріледі. Ақша сіздің демалысқа шыққан күндегі нақты сағат жүктемеңізге (тарифқа) қарап есептеледі. Мәселен, дәл мына жағдайда есептелетін сома тек 235 812 теңге:

Егер өзіңіздің негізгі жұмысыңызбен қатар екінші бір лауазымды қоса алып жүрсеңіз немсе басқа мұғалімнің міндетін уақытша атқарып, ол үшін үстемеақы алып жүрсеңіз, бұл қосымша жұмыс үшін де сауықтыру жәрдемақысы төленбейді.

Екінші жағдай – егер негізгі жұмысыңыздан бос уақытта, бөлек келісімшартпен басқа бір тұрақты жұмысты істеп жүрсеңіз (мысалы, басқа мектепте немесе бөлек ставкада), сауықтыру жәрдемақысы негізгі жұмысыңыз үшін де, қосымша жұмысыңыз үшін де бөлек-бөлек, екі рет төленеді.


№6. «Қосымша ақылы еңбек демалысы кімдерге беріледі?»

Жоғарыда айтылған 56 күн – жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы. Одан бөлек, жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысы бар. Ол экологиялық қолайсыз және радиациялық қауіпті аймақтарда тұратын педагогтерге тиесілі. Нақты санаттар бойынша:

  • экологиялық апат аймағы бойынша – 12 күнтізбелік күн;
  • экологиялық дағдарыс аймағы бойынша – 9 күнтізбелік күн;
  • экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша – 7 күнтізбелік күн;
  • төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 14 күнтізбелік күн;
  • ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 12 күнтізбелік күн;
  • жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 10 күнтізбелік күн;
  • ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 7 күнтізбелік күн;
  • жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша – 5 күнтізбелік күн.


№7. «Бәрін қосқанда қанша болады?»

Бұл сұрақтың жауабы, әрине, әркімде әрқилы шығады. Сіз өз жағдайыңыздағы нақты сандарды шығарып алып, соған қарай дербес есебіңізді жасай аласыз.

  • Бірінші кезекте, бір күндік орташа жалақыңызды 40 не 48-ге көбейткендегі шаманы жазыңыз (№4 сұрақ).
  • Оған бір айлық лауазымдық жалақыңыздың (оклад) мөлшерін, яғни, сауықтыру жәрдемақысын қосыңыз (№5 сұрақ).
  • Экологиялық, радиациялық аймақта тұратын болсаңыз, бір күндік орташа жалақыңызды тиісті қосымша еңбек демалысы күніне көбейтіп, алдыңғы суммаға оны қосыңыз (№6 сұрақ).

Міне, осы негізгі екі және үшінші – қосымша ақылы еңбек демалысы үшін төленетін сомалар бірге қосылып түседі.


№8. Қашан түседі?

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – демалыс басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.


№9. «Ақша кешіктірілсе немесе кем есептелсе, қайда жүгінуге болады?»

Еңбек демалысыны ақысы кешіктірілсе немесе кем есептелді деген күдігіңіз болса, бірінші кезекте, есепшіге қайта санатып алыңыз. Еңбек кодексіне сәйкес, есепші сізге тиесілі соманы, ондағы төлемдер, аударымдар жайлы анықтама беруге міндетті. Дұрыс есептелмегеніне көзіңіз жетсе, мектеп әкімшілігіне барып мәселені шешіп көріңіз. Кәсіподақ төрағасынан көмек сұрай аласыз. Еш нәтиже болмаса, еңбек қатынастарына қатысты туындаған сұрақпен аудандық, қалалық, облыстық, аумақтық кәсіподақ ұйымдары мен білім бөлімдері өкілдеріне хабарласуға болады. Онда да өтінішіңіз қаралмай, заңсыз әрекет жасалса, сенім телефонына хабарласып, мән-жайды баяндап, прокуратураға өтініш не арыз жазып қалдыра аласыз.

Әр білім ордасының өз бухгалтері бар, әрине. Сонда да, «Сақтықта — қорлық жоқ». «Дұрыс есептелді ме?» деп тексерудің әбестігі де жоқ.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТА мұғалім де ДЕМАЛУЫ КЕРЕК