​«Бәрі ішінде, айта алмайды»: «Меломен» тобының әншісі досын айыптағандарға жауап берді

0
416

«Экс хайпер келіншек уақыты келгенде түсінер»


​«Бәрі ішінде, айта алмайды»: «Меломен» тобының әншісі досын айыптағандарға жауап берді

«Меломен» тобының әншісі Қайрат Мырзаханов әріптесі Ғабит Бибасыұлын туған күнімен құттықтап, оның отбасылық өміріне қатысты өз пікірін білдірді.


«Денің сау болып,басың екеу болсын! Соңғы Ғабит жайлы әңгіме мүлде шындыққа жанаспайды дегім келеді. Ғабиттей алтын жігітті «тиран» етіп көрсетіп жатқандарды айтам да. «Бас жарылса бөрік ішінде» деп, көбіне елден бастап, отбасы жағдайына айтылса керек. Қазір зорлық-зомбылық жайлы заң шыққаннан бастап, қаншама әйелдер орынды-орынсыз бас көтеруде. Оның ішінде өтірігі араластары аз емес.


Бірақ оның Ғабитке мүлдем қатысы жоқ. Ғабит ешқашан бізге проблемасын айтып көрмеген және айтпайтын да жігіт. Тіпті ол бокстан спорт шеберлігіне кандидат болса да өзін бірінші ұрған жігіттерді сабырға шақырған мықты жігіт .Осыдан соң қалай ол «тиран» болады?


Әйелінің жағдайын жақсы жасап, аялап, алақанда ұстап, адал жүрегін ұсынған азамат. Әр отбасында проблема болатыны сөзсіз. Оның бәрі ары қарай тамыры мықты жанұя болуды нығайтатын зат қой. Еркек ашуланса арыстаннан жаман мінез шығады. Ғабитті жерден алып, жерге салып жатқан қыздар, «ауыз өзімдікі» деп, ешнәрсе білмей жатып артық жазудың қажеті жоқ. Мен бір-ақ нәрсе білемін, Ғабит өз әйелін өте қатты жақсы көрген, алақанда аялап ұстаған. Бәрі Ғабиттің ішінде. Бала-шағасын, ата-анасын ойлап тіс жарымайды.Басыңа бақ қонсын, досым. Бәрі уақытша. Экс хайпер келіншек уақыты келгенде түсінер бәрін», - деп жазды Қайрат Мырзаханов.


Айта кетейік, «Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлы бір жыл бұрын әйелімен ажырасқан. Әйелі әншіден зорлық-зомбылық көргенін айтып, журналист Анна Данченкоға сұхбат берген.


«Бес жыл бойы таяқ жедім. Бәрі балалы болғаннан кейін басталды. Мен жалған үмітпен өмір сүрдім. Адам өзгереді, отбасылық өмір осындай кезеңдерден тұруы керек деп қате түсінік таныттым. Бишімбаевтың ісін көріп отырып, қатты ауыр күйге түстім. Өйткені ешқашан өліп қаламын деп ойламайды екенсің. Соңғы кездегі соққыдан кейін, «мүгедек болып қалмаймын ба, менің кетуім керек» деген ой келді. Шапалақпен ұрдым дегенінің өзі – үш жұдырық. Соны түсіну керек» деп айтқан еді әншінің бұрынғы әйелі Нұрила Ақберген.