Олар ЖИ-дің пайдасымен қатар, қаупін де алдын ала сезгендей
Сурет: ЖИ
Жасанды интеллект замананың негізгі трендіне айналмай тұрып-ақ, кинематографистер технологияның болашағы мен оның қаупін алдын ала сезгендей. Олар тек қиял-ғажайып сюжеттерді ғана емес, адамзаттың өз қолымен жасаған жаратылысынан келетін ескертулерді де таспалады.
Сандық алгоритмдер санамызды баурап, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған бүгінгі кезеңде бұл картиналар қайтадан қызығушылыққа ие болды. Назарларыңызға ЖИ өркендемей тұрып-ақ, оның түбі неге әкеп соқтыруы мүмкін екенін ашып көрсеткен көрнекті фильмдерді ұсынамыз.
1. «Ол» (АҚШ, 2013 ж.)
Жазушы Теодор Туомбли жалғыздықтан шаршаған соң, жаңа бағдарлама сатып алады. Бұл – иесімен сөйлесіп, оның мінезіне бейімделетін жасанды интеллект. Теодор «Саманта» деп аталатын әйел адамның дауысын таңдайды. Уақыт өте келе ол дауыс арқылы жұмыс істейтін виртуалды көмекшісіне ғашық болады.
Фильм технологияға тәуелділікті келемеждейтін сатира емес, жалғыздық пен жақын адамды іздеу туралы мұңды драма. Туындының болашақты дәл болжай алғанын жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі әлемде жасанды интеллектпен және дауыс көмекшілерімен қарым-қатынас жасау адамдармен сөйлесуді біртіндеп алмастырып келеді. Мұндай қарым-қатынас кей адамдардың виртуалды серіктестерге ғашық болуына, тіпті олармен некеге тұруына дейін алып келеді.
2. «Машинадан...» (АҚШ, Ұлыбритания, 2014 ж.).
26 жастағы талантты бағдарламашы Калебке ерекше ұсыныс түседі. Ол компания басшысы, эксцентрик миллиардер Нейтанның үйіне бір аптаға барады. Калебтің міндеті – Ава есімді андроид қызбен сөйлесіп, оның өзіндік санасы бар-жоғын тексеру. Алайда жас жігіт тәжірибеден өтіп жатқан андроидқа ғашық болып, оны құтқаруға шешім қабылдайды.
Бұл фильм андроидтар мен жасанды интеллект туралы түсірілген ең үздік камералық триллерлердің бірі деп бағаланған. Ондағы ең басты «Ава шынымен саналы тіршілік иесі болды ма?» деген сұраққа жауап беруді көрерменнің өзіне қалдырады. Сол арқылы адамдарды жасанды интеллект жайлы ойлануға жетелейді.
3. «Апгрейд» (Австралия, АҚШ, 2018 ж.)
Жақын болашақта Грей Трейси әйелімен бірге көлік апатына ұшырап, кейін оларға қарақшылар шабуыл жасайды. Әйелі қаза тауып, Грей сал болып қалады. Дәрігерлер оған тәжірибелік ота жасап, жұлынға «СТЭМ» атты жасанды интеллекті бар чип орнатады. Ол Грейге қайтадан қозғалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, онымен сөйлеседі. Ал қажет болған жағдайда оның денесін аса қауіпті қаруға айналдыра алады.
Австралиялық фильмнің тұжырымдамасы ерекше. «СТЭМ» сал болып қалған адамға қайта жүруге көмектесіп, пайдалы құрал бола алады. Бірақ екінші жағынан, ол адамның денесін басқаруды өз қолына алып, қауіпті күшке айналады.
4. «Жасанды интеллект» (АҚШ, Ұлыбритания, 2001 ж.)
Ауыр сырқатына байланысты жасанды ұйқыда жатқан баланың ата-анасы Дэвид есімді андроид баланы асырап алады. Робот Дэвид ата-анасын жақсы көруге бағдарламаланған. Бірақ олардың туған ұлы сауығып, ұйқыдан оянған кезде екі баланың арасында бәсекелестік басталады. Ақырында Дэвид отбасы үшін қауіпті деп танылады.
Фильм – бір жағынан, қажет болуды және сүйікті болуды ғана қалаған андроидтың мұңды драмасы. Сонымен қатар адамзаттың өзі жасаған машиналар алдындағы жауапкершілігі туралы маңызды мәселені көтереді.
5. «Мен – роботпын» (АҚШ, Германия, 2004 ж.)
Болашақта робот-көмекшілер адамдардың күнделікті өмірінің қалыпты бөлігіне айналады. Оларды тек полиция қызметкері Дэл Спунер секілді технологияға сенбейтін адамдар ғана қабылдамайды. Бір күні дәл осы Дэл роботтың қатысы бар адам өлтіру ісін тергеуге кіріседі. Біртіндеп ол андроидтардың даму деңгейі адамдар ойлағаннан әлдеқайда жоғары екенін түсінеді.
Фильмнің сюжеті ішінара Айзек Азимовтың роботтар туралы фантастиканың дамуына зор ықпал еткен әңгімелер жинағына негізделген. Дегенмен фильмнің негізгі оқиғасын авторлар өздері ойлап тапқан.
«Мен – роботпын» жасанды интеллектке қызықты көзқарас ұсынады: ол адамзатқа қамқор болғысы келеді, бірақ мұны машинаға тән логикамен жүзеге асырады. Ақырында дәл осы ұстаным қайғылы жағдайға әкеледі. Сонымен қатар фильмді қызықты детектив ретінде де тамашалауға болады.
6. «Компаньон» (АҚШ, 2025 ж.)
Айрис жігіті Джошпен және оның достарымен бірге демалуға келеді. Бірақ айналасындағылар оған менсінбей қарап, дөрекі қарым-қатынас жасайды. Кейін қыздың адам емес, жасанды интеллектпен басқарылатын робот-компаньон екені анықталады. Достар тобы оны қылмыс жасау үшін пайдаланбақ болады. Алайда Айрис қорғану үшін бақылаудан шығып, өз тағдырын өзі басқаруға шешім қабылдайды.
Жасанды интеллекті бар секс-қуыршақтар шынайы өмірде де біртіндеп пайда болып келеді. Әзірге олар адамды жүз пайыз қайталай алмайды, бірақ бұл бағыттағы технология қарқынды дамып жатыр. Сондықтан «Компаньон» фильміндегі әлем біз ойлағандай алыс болмауы мүмкін. Ал фильмнің сюжеті жаңа технологияларды қоспағанда, зорлық-зомбылық көрсететін ер адамдар кейпін де ашық көрсетеді.
7. «Екі жүз жылдық адам» (АҚШ, Германия, 1999 ж.)
Адамдар үй жануарларының орнына роботтарды сатып ала бастайды. Бірақ Эндрю есімді робот өзгелерден ерекше болып шығады. Ол шығармашылыққа бейімділігін тез байқатып, біртіндеп мінез-құлқы мен сыртқы келбеті жағынан адамға жақындай түседі. Алайда адамдар жаңа тіршілік иесін қабылдауға әлі дайын емес. Оның үстіне Эндрю іс жүзінде өлмейді.
Фильм көрерменге өте маңызды сұрақ жолдайды: Киборгты қай сәттен бастап адам деп санауға болады?
8. «Жаратушы» (АҚШ, 2023 ж.)
Адамзат жасанды интеллекті бар роботтар жасайды. Алайда олар ядролық жарылыс ұйымдастырғаннан кейін Батыс елдері роботтарға қарсы соғыс жариялайды. Машиналар Азияға жасырынуға мәжбүр болады. Мұнда адамдар оларға түсіністікпен қарайды.
Бір кездері роботтарды іздеуге көмектескен барлаушы болған Джошуа енді әскери күштерді роботтарды жасаушы Нирматаға апаруы керек. Роботтар оны құдайдай құрметтейді.
Гарет Эдвардстың бұл туындысы жасанды интеллект пен роботтар туралы ең көркем фильмдердің бірі. Сонымен қатар картина философиялық ойға да толы. Кейіпкер саяхаты барысында әлемге деген көзқарасын өзгертеді. Ал фильм көтеретін басты сұрақ мәңгілік өзекті: Жаңа тіршілік түрлерімен күресу керек пе, әлде олармен үйлесімді өмір сүрудің жолын іздеген дұрыс па?
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


