Жыл басынан бері қазақстандықтарға 12,6 мыңнан астам жалдамалы пәтер берілді

0
102

Қазақстанда биыл 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе шамамен 188 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Жыл басынан бері қазақстандықтарға 12,6 мыңнан астам жалдамалы пәтер берілді

ERNUR.KZ. Жылдың алғашқы сегіз айында 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жылдық жоспардың 55,3%-ы. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың бірқатар тетігі жүзеге асырылып жатыр. Биыл әкімдіктерге облигациялық қарыз беру арқылы 155,5 млрд теңгеге 12,6 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалдамалы пәтер беру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 71,9 млрд теңгеге 3,5 мың жалдамалы пәтер сатып алу көзделген.

Еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде 988 мыңнан астам азамат тұр. Оның шамамен 459 мыңы – «халықтың әлеуметтік осал топтарына» жатады.

Қазір баспанаға мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы баспана мұқтаж азаматтарға кезекке қойылған күні мен отбасының табыс деңгейіне қарай бөлінеді.

«Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіру құқығы ұсынылды. Бұл мүмкіндікті 20 мыңнан астам азамат пайдаланды. Биылғы сегіз айда мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы 6 824 отбасы жекешелендірді», - деді Бақытжан Жүнісбеков.

Баспанаға мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық қарыздар да беріледі. Биыл жалпы сомасы 175,1 млрд теңге болатын 12,6 мың осындай қарыз беру жоспарланған.

«2 пайыздық мөлшерлемемен берілетін тұрғын үй заемы табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда 5 күнкөріс минимумы мөлшерінен немесе 254 255 теңгеден аспайтын азаматтардың сегіз санатына ұсынылады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша аталған бағдарлама арқылы 3 954 азамат баспаналы болды», – деді спикер.

Қалған санаттағы азаматтарға табыс деңгейіне шектеу қойылмайтын 5 пайыздық ипотека қолжетімді. Жылдың сегіз айында бұл ипотекалық бағдарламаны 2 252 азамат пайдаланды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін мөлшерлеме 7%, ал азаматтардың қалған санаттары үшін 9%-ды құрайды. Бұл бағдарлама бойынша жыл сайын 12 мың қарыз беріледі.

Спикердің айтуынша, жоғарыда аталған жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін жергілікті бюджет есебінен 1,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттары беріледі.

Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімі мен оның мөлшерін жергілікті мәслихаттар дербес бекітеді.

«Тұрғын үй сертификатын беру кезінде азаматтардың табысы да ескеріледі. Бұл ретте әр отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 3,1 күнкөріс минимумы немесе 157 638 теңгеден аспауы тиіс. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгеге 2 373 тұрғын үй сертификаты берілді», – деп сөзін қорытындылады Бақытжан Жүнісбеков.