Жастарға жол ашу үшін кадрлық ротация қажет – Аида Балаева

0
162


Жастарға жол ашу үшін кадрлық ротация қажет – Аида Балаева

Фото: Артем Чурсинов-архив

ERNUR.KZ. Мәдениет саласындағы кадр саясатына сын айтушы­­лар көп. Оларға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, деп жазады BAQ.KZ.

“ Қай мекемеге кім тағайындалса да, ең алдымен ол кәсіби жағынан толыққанды дайын, басқарушылық қабілеті жоғары, салаға жаны ашитын тұлға болуы керек. Өйткені бірінші басшы – жай ғана іс-шара ұйымдастырып, есеп беріп отыратын адам емес. Ол – сол ұйымның бағытын айқын­дайтын, даму стратегиясын жасап, соны жүзеге асыратын негізгі жауапты тұлға. Басшының функциясы тек мәдени жобалармен шектелмейді. Ол мекеменің жалпы тыныс-тіршілігіне, шығармашылық ұжымның жағдайына, тіпті ғимараттың техникалық жағдайына дейін толық жауап береді. Кадр саясаты, бюджет пен жоспарлау, жөндеу жұмыстары, материалдық-техни­калық база – мұның бәрі сол басшының күнделікті назарында болуы керек “, - дейді министр.

Оның айтуынша, тек бірреттік мерекелік іс-шаралар емес, мазмұнды әрі тұрақты жобалармен жұмыс істейтін уақыт келді.

“ Жуырда министрлікке қарасты 71 ве­домстволық ұйымның қызметкерлерін «Бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйеге» қосу барысында саламыздағы мың жарымға жуық қызметкердің қата­ры­нан бірнеше мекемеде жұмыс істеп, тіп­ті бес айлық мөлшерде ақы алатыны бел­гілі болды. Сонымен бірге ұйымдарда 1200-ге жуық 90 жасқа дейінгі зейнеткердің түрлі лауа­зымдарды атқарып жүргені анықталды. Бұдан басқа, өзге қалада немесе шетелде негізгі жұмыста істеп, біздің мекемелерге жұмысқа келмесе де, сырттай айлық алып отырған қызметкерлер де бар болып шықты. Біз мұны реттейміз. Біз былтырдан бері әр мекеме алдына нақты KPI-лар қойып, сонымен мекеме қызметін бағалауды жүзеге асырып жатырмыз. Әрине, біз зейнет жасындағы мәдениет қайраткерлерінің еңбегіне құрметпен қараймыз. Бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ. Ертең маған кей азаматтар ренжуі мүмкін. Дегенмен үлкен өзгерістердің жолы қашанда ауыр. Біз саланың дамуы үшін үлкен қадамдарға, кейде құрбандыққа баруға мәжбүрміз. Олай жасамасақ, бір белестен екінші белеске қалай өтеміз? Қарапайым ғана жұмыс таппай жүрген жастарға қашан жол ашамыз? “ - деді ол.

Оның айтуынша, кадрлық ротация мәселесі өте маңызды, өйткені кез келген мекеменің дамуына тың көзқарас пен басшылық тарапынан ұдайы қолдау қажет. Алайда бұл – жалғыз шешуші фактор емес.

Біз мәдени мекемелерді 30-40 жыл басқарып, уақыт талабына сай дамытып отырған талай тұлғаны білеміз. Мәселен, Айман Қожабекқызы Қазақ ұлттық өнер университетінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Бірақ соңғы жылдары университет жұмысы тұралап, құлдырай түскенін көрдік. Айман Қожабекқызы өкпелемесін, бірақ осы жылдар ішінде оқу орнының шатырынан су ағып, ғимаратының тоз-тозы шыққан. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ғимарат жаңарып, жаңа оқу жылын жаңа орында бастағалы отырмыз. Университетке қарасты басқа да ғимараттардың жағдайы өте күрделі. Президент тапсырмасымен енді біз колледжді де жаңарту мақсат етіп отырмыз, - деді Балаева.

Сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне тиесілі өнер лагері 2011 жылдан бері жұмыс істемей келген. Оны қайта жандандыру қажет.

Ал дарынды балалардың сапалы білім алуы және жан-жақты дамуы үшін қолай­лы жағдай жасау мақсатында университет жанындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын салу жобасы әзірленуде.

Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік тетігі арқылы іске аспақ. Қазір жеке инвестормен ынтымақтастық туралы меморандум жобасы пысықталуда. Жеке инвестор жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және оның шы­ғындарын өз қаражаты есебінен қаржы­ландыруға дайын екенін білдірді.

Бұл – болашақ өнерпаздарға жасалып жатқан инвестиция ғана емес, таланттарды тәрбиелеудің іргетасы. Біз дарынды балалар үшін сапалы білім мен өмірге бейім орта жасауымыз керек. Өйткені ұлттық өнер өзінен-өзі тумайды, ол тәрбие мен жүйелі қолдаудың нәтижесінде ғана қалыптасады. Тағы да айта кетерлігі, бас қаланың қақ ортасында орналасқан Ұлттық академиялық кітапхана бұған дейін орталық қалалық жылу жүйесіне қосылмаған екен. Биыл қалалық әкімдіктің қолдауымен сыртқы жылу желілерін салу және қазандықты қайта құру жұмыстары аяқталды. Қазір кітапхана ғимараты қалалық құбырға қосылды, - деп түсіндірді министр.