Жасанды интеллект 2 миллион қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін

0
123

Қазақстанда шамамен 2,5 миллион маманның кәсібі автоматтандыру қаупінде тұр.


Жасанды интеллект 2 миллион қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін

Фото: «Самұрық-Қазына»

ERNUR.KZ. Алдағы бес жылда олардың 1 миллионына дейінгі қызметкері жасанды интеллекттің (ЖИ) жылдам таралуы салдарынан жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, 2029 жылға дейін шамамен 1 миллион қазақстандық маман қайта даярлаудан өтуі қажет. Солардың бірі — жасанды интеллектке арналған деректерді белгілеуші (data annotator) мамандығы.

«ЖИ интернет сияқты құбылыс. Интернет келгелі кейбір мамандықтар жоғалды, бірақ сонымен қатар жаңа бағыттар мен кәсіптер пайда болды. Бұл қалыпты және дұрыс процесс. Сол жағдай қазір жасанды интеллектпен де қайталанып жатыр», -деді Дмитрий Мун Сенат кулуарында.

Қазірдің өзінде Astana Hub білім беру платформасында жасанды интеллект пен оған қатысты салаларды қамтитын тегін онлайн-курстардың алғашқы сериясы қолжетімді.

Бұл курстар еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделгісі келетін мамандарға арналған.

Журналистердің сұрағына жауап берген Дмитрий Мун болашақта бағдарламалаушылар, инженерлер, аналитиктер және деректермен жұмыс істейтін мамандардың сұраныста болатынын атап өтті.