Жасаған ісіне өкінбеген: Қостанайда дәрігерді ұрған ер адам сотталды

0
105

Айыпталушы бұрын бірнеше рет сотталған.


Жасаған ісіне өкінбеген: Қостанайда дәрігерді ұрған ер адам сотталды

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Қостанайда дәрігерді соққыға жығып, ауыр жарақаттаған ер адамға сот үкімі шықты, деп жазады sputnik.kz.
Істі Қостанай қаласының №2 соты қарады. Тағылған айып - Қылмыстық Кодекстің 114-бабы 3-бөлігі "Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру".
Оқиға биыл 17 шілдеде болған.
Айыпталушы бүйрегі ауырып, облыстық аурухананың қабылдау бөліміне келген. Дәрігерді күтіп отырған кезде ол бірнеше рет қызметкерлерге шағымданған. Уролог-дәрігер қабылдауына кірген соң, дәрігерді ұзақ күткеніне байланысты науқас пен дәрігердің арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал барысында айыпталушы дәрігердің бетіне жұдырықпен соққы жасаған. Соның салдарынан дәрігер қабырғаға басымен соғылып, құлап қалған.
"Салдарынан дәрігер өміріне қауіпті ауыр дене жарақатын алған. Жабық бас-ми жарақатын алып, миы ауыр дәрежеде шайқалған. Бас сүйегі сынған, субдуралды қан кеткен. Желке тұсы соғылып, еріні жыртылған", - дейді соттағылар.
Айыпталушы өз кінәсін мойындағанымен, жасаған ісіне өкінбеген. Ал жәбірленуші 2 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуді және қатаң жаза тағайындауды сұрады.
"Айыпталушы бұрын бірнеше рет сотталған. Медициналық қызметкерге қызмет бабында қарсы бағытталған әрекеттің сипаты мен қауіптілігін ескере отырып, сот оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - дейді ведомстводағылар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.