Шымкент делегациясы Женевада өтіп жатқан БҰҰ қалалар әкімдері форумына қатысты

0
84

Шымкент делегациясының Женеваға сапары аясында қала атынан БҰҰ бөлімшесіне 5 мың түп қызғалдақ пиязшығын сыйға тарту рәсімі де өтті.


Шымкент делегациясы Женевада өтіп жатқан БҰҰ қалалар әкімдері форумына қатысты

12-13 қазан күндері Женева қаласында «Тұрақты болашақ жолындағы қалалар» (Cities Delivering for a Sustainable Future) ұранымен БҰҰ қалалар әкімдерінің алтыншы форумы өтуде. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Е.Қазыхан мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәбитов қатысуда.

Форум БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының бастамасымен, БҰҰ-ның басқа да өңірлік комиссияларымен бірлесіп, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының, Global Cities Hub және басқа да серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды. Халықаралық іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген 80-ге жуық қала әкімін бір алаңға жинап, тәжірибе алмасуға және тұрақты дамудың заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді.
Форум аясында қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, экологиялық таза көлік жүйесін дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жасыл инфрақұрылымды кеңейту, табиғи және мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ, қалаларды басқару жүйесіне инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде іске асыруға ерекше мән беріледі.
Шымкент делегациясының Женеваға сапары аясында қала атынан БҰҰ бөлімшесіне 5 мың түп қызғалдақ пиязшығын сыйға тарту рәсімі де өтті. Іс-шара Ұлттар сарайының «Қазақстан» залында ұйымдастырылды. Сол күні зал маңындағы жаңа орынға орнатылған қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының бюсті таныстырылды.
Салтанатты рәсімге БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Т.Валовая, Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Е.Қазыхан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәбитов, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Швейцариядағы қазақ диаспорасының мүшелері және басқа да қонақтар қатысты.
Қазақстан – жабайы қызғалдақтардың көптеген түрінің отаны. Бұл гүлдер еліміздің табиғи мұрасында айрықша орын алады. Ұлттар сарайының аумағында қызғалдақтардың гүлдеуі Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы достықтың, жаңарудың және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың символына айналмақ.
Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына ерекше назар аударылды. Ұлы ойшылдың ағартушылық, әділеттілік, жауапкершілік және гуманизм идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Биыл Абайдың туғанына 181 жыл толуына орай оның бюстін таныстыру рәсімі қазақ мәдениеті мен рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған тағы бір маңызды қадам болды.
Шымкент делегациясының БҰҰ қалалар әкімдері форумына қатысуы халықаралық тәжірибе алмасуға, серіктестік байланыстарды нығайтуға және қалалардың тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді.
Ал қызғалдақ пиязшықтарын сыйға тарту және Абай бюстін таныстыру рәсімдері Қазақстанның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға және Біріккен Ұлттар Ұйымымен байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін айқындайды.
Бөлісу