Жанжал кезінде ер азаматтар жәбірленушіге физикалық күш қолданған.
фото:baq.kz.
ERNUR.KZ. Жамбыл аудандық сотында жүк көлігінің жүргізушісін соққыға жықты деп айыпталған екі ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады baq.kz.
Сотталушылар өзара ағайынды болып шықты. 2026 жылдың мамыр айында олар Тараздағы «Зербұлақ» су ойын-сауық саябағынан Жамбыл ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына құрылыс қоқысын тасыған жүк көліктерінде бірге жұмыс істеген.
Кезекті рейстердің бірінде ағайындылар мен басқа бір жүк көлігінің жүргізушісі арасында жолдың бөгелуіне байланысты жанжал туындаған. Сөзге келмей қалудың соңы төбелеске ұласып, ағайындылар ер адамға дене жарақатын келтірген.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Сот кінәні мойындауды, өкінуді және екі ер адамның да кәмелетке толмаған балаларының болуын жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
«Сот үкімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Әрқайсысына 100 сағаттық қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды», – деп хабарлады сотта.
Үкім заңды күшіне енді.


