11 қараша таңертең балалар мектептің қарсы бетіндегі жеке дүкеннен сатып алған жылдам дайындалатын тағамдарды (сэндвич, бургер, кириешки) тұтынған.
Коллаж: Kazinform/ DALL-E
ERNUR.KZ. Оқыс оқиға бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мырзатай ауылында болды, деп жазады inform.kz.
Облыс әкімдігінің ресми хабарламасына сәйкес 2025 жылғы 11 қараша күні сағат 11:07–де Байзақ ауданының Мырзатай ауылында орта мектеп оқушыларының тамақтан улану оқиғасы тіркелді.
Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, 11 қараша таңертең балалар мектептің қарсы бетіндегі жеке дүкеннен сатып алған жылдам дайындалатын тағамдарды (сэндвич, бургер, кириешки) тұтынған. Арада 1–2 сағат өткен соң балаларда жүрек айну, құсу, бас ауруы және әлсіздік сияқты улану белгілері байқалған.
— Барлығы 12 оқушы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде тексерістен өтті. Балалардың жағдайы тұрақты, нашарлау белгілері жоқ. Қазір науқастарға тиісті ем-шаралар көрсетілді. Зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебі анықталып жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық білім басқармасының басшысы, аудан басшылығы оқиға орнына барып, тиісті шаралар қабылдауға кірісті. Жағдай тұрақты, бақылауда. Балалар үйлеріне қайтарылды, — делінген хабарламада.
Осы орайда әкімдік ата-аналарға үндеу жасап, тез дайындалатын тағамдарды тұтынуға шектеу қоюға кеңес берді.
— Балаларыңыздың денсаулығын сақтау үшін мектеп маңындағы дүкендерден немесе белгісіз жерлерден алынатын дайын тағамдарды азайтып, үйде қауіпсіз әрі пайдалы тамақ беріңіз. Сондай-ақ, балаларға дұрыс тамақтанудың маңызын түсіндіріңіз. Балалардың денсаулығы — бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, — деп ескертті ведомство.


