Вьетнамда жасырынып жүрген: миллиардтарды жымқырды деген ұйымдастырушы Қазақстанға жеткізілді

0
154

Қылмыстық іс сотқа жолданды.


Вьетнамда жасырынып жүрген: миллиардтарды жымқырды деген ұйымдастырушы Қазақстанға жеткізілді

Бейнеден кадр

ERNUR.KZ. Вьетнамнан Қазақстанға Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығына жабдықтар сатып алуға бөлінген 2,5 миллиард теңгені жымқыруды ұйымдастырған күдікті экстрадицияланды, деп жазады tengrinews.kz.

ҚМА мәліметінше, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында республикалық бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

"Алайда күдікті "Сот сараптамасы орталығы" РМҚК директоры Р.К. Сатыбалдиевпен, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Д.Б. Искендеровамен, сондай-ақ "Марк Инвест" ЖШС және Direct Services ЖШС басшысы А.А. Шинтемировамен топтасып, жабдықтардың құнын үш есе қымбаттату және жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған", - деп хабарлады ҚМА.

Сот үкімімен Р.К. Сатыбалдиев, Д.Б. Искендерова және А.А. Шинтемирова кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

2025 жылдың наурызында қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланып, сотпен сырттай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

"Ағымдағы жылдың басында ол Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерполдың Ұлттық орталық бюросының және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталып, Қазақстан Республикасына қайтарылды", - деп мәлімдеді агенттік.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібімен жария етуге жатпайды.