Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік Банктің есептеріне сүйенсек, жыл сайын 2 млрд тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық пайда болады.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елдегі үш мегаполисте қалдықтарды кәдеге жарататын зауыттар салу туралы тапсырма берді, деп жазады baq.kz.
Айтуынша, қалдықтардың жиналып қалуы – әлемдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік Банктің есептеріне сүйенсек, жыл сайын 2 млрд тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық пайда болады. Олардың басым бөлігі қайта өңделмейді. Сарапшылардың бағалауынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, жылына 3,8 млрд тоннаға жетеді.
Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігін үнемі айтып келеді, - деп атап өтті Премьер-министр.
Бектенов ол үшін қалдықтардың барлық түрін толықтай қайта өңдеу керектігін еске салды.
Бізде ол тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің шамамен 25%-ы пайызын ғана құрап отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылып жатыр. Қазір инвесторлар анықталып, олармен тиісті келісімдер жасалды. Алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге аймақтарға да таратылатын болады. Қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту үшін жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы 185 млрд теңге қаралған, – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда 60 жоба мақұлданды, оның 22-сіне қаражат бөлінгенін айтты.
Экология министрлігі әкімдіктермен бірге осы жобаларды жүзеге асыруы керек. Сондай-ақ өнеркәсіптік, медициналық және басқа да қалдықтарға қатысты тиісті шешім қабылдау керек. Қалдықтардың барлық түрлерін басқару Тұжырымдамасын іске асыру экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты бақылау мен болжам жасау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қайта өңдеу және қайта пайдалануға бағытталған қалдықтарды басқару саласының дамуын ынталандырады. Аталған тәсіл Президентіміздің табиғатты аялау жөніндегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасының талаптарына сай келеді, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол саланы цифрландыруға, қалдықтардың цифрлық есебін жүргізуге назар аудару қажеттігін ескертті.
Қалдықтарды басқару саласының инвестициялық әлеуеті жоғары, ол бізде әзірге тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Әлемнің көптеген дамыған елдері қалдықтарды жинақтаудан біртіндеп тұйық циклды экономикаға көшіп жатыр. Бұл өз кезегінде, электр энергиясын өндіруге және өндірісте қайта пайдалануға болатын шикізат алуға мүмкіндік береді. Тұжырымдама қалыптасқан тәсілдерді өзгертіп, саланың инвестициялық әлеуетін арттыруды және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз етеді, – деді Үкімет басшысы.


