Жарлықтың негізгі ережелері 9 желтоқсаннан бастап күшіне енді.
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) жаңа қызметтер жүктеді, деп жазады baq.kz.
Мемлекет басшысы 1996 жылғы 1 сәуірдегі №2922 «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы» Президент жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжатқа қол қойды. Құжат ҰҚК-ның қаржылық мониторинг және мемлекеттік материалдық резервтерді басқару саласындағы өкілеттіктерін кеңейтеді.
Жаңартылған ережеге сәйкес, ҰҚК заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды болдырмауға қарсы іс-қимыл үшін уәкілетті органның сұрауы бойынша өз ақпараттық жүйелерінен мәліметтер береді.
Өзгерістер ҰҚК-ның мемлекеттік материалдық резервтер саласындағы өкілеттіктерін нақтылайды. Атап айтқанда:
- материалдық құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемі бойынша ұсыныстар енгізу;
- мобилизациялық резервтен құндылықтарды қарызға беру немесе жаңарту тәртібімен шығару мәселелерін шешу;
- материалдық құндылықтарды сақтау, жаңарту және мемлекеттік органдар арасында тасымалдауды ұйымдастыру;
- резервтерді сақтау және қалыптастыру шығындары бойынша Үкіметке ұсыныстар дайындау.
Жарлықтың негізгі ережелері 9 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Ал материалдық резервтермен жұмысқа қатысты жекелеген тармақтар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.


