Үкіметте энергетика саласы бойынша Президент Жолдауын жүзеге асыру және жылыту маусымына дайындық барысы қаралды

0
103

Премьер-министр қысқы кезеңге жүйелі дайындық қажеттігіне назар аударды.


Үкіметте энергетика саласы бойынша Президент Жолдауын жүзеге асыру және жылыту маусымына дайындық барысы қаралды

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Онда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергия көздері мен жылу желілерінің дайындығы және көмірмен қамтамасыз ету туралы, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үй қоры мен инженерлік инфрақұрылымның дайындығы туралы баяндама жасады. Бірқатар өңір әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылыту маусымына білім беру нысандары – 92%, денсаулық сақтау нысандары – 91%, тұрғын үйлер – 83% дайын. Сонымен қатар 610 шақырым су құбыры және 101 шақырым кәріз желілері, сондай-ақ 11,2 мың автономды қазандық жөнделді.

Премьер-министр қысқы кезеңге жүйелі дайындық қажеттігіне назар аударды.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. Энергетика секторында тозу дәрежесі жоғары болуын ескере отырып, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы әрі сапалы жүргізілуі қажет. “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы аясында электр станцияларын жөндеу мен жаңғырту үшін биылдың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары. Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыс барысында өңірлердегі жылыту маусымына дайындық барысына назар аударылды. Еліміздің бірқатар облысы әкімдерінің баяндамалары тыңдалды, онда жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталмай қалу қаупі бар екені айтылды. Мәселен, Ақмола облысында Степногорск жылу электр орталығында резервтік қазандықты жөндеу әлі аяқталған жоқ. Маңғыстау облысында 2-ші жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі ауыстырылды. Сондай-ақ Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен.

Премьер-министр мұндай мәселелер әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетіп отырғанын атап өтті. Бұл ретте кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша Өңірлік штабтардың жұмыстары мардымсыз болып отыр.

Сондай-ақ Премьер-министрдің биыл мамырда жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу туралы тапсырмасына қайшы KEGOC компаниясының энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстары мерзімдерін ұзартуға рұқсат беру фактілері атап өтілді, мұндай тәжірибеге жол бермеу қажеттігі айтылды. Энергетика министрлігіне мерзімдерді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша қатаң шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар өңірлер әкімдері алдына энергия кәсіпорындарының жылу беру маусымына әзірлігін бағалау комиссиясының жұмысы бойынша бірқатар міндет қойылды.

«Энергетикалық кәсіпорындарға әзірлік паспорттарын беру жұмыстары басталып кетті. Осы ретте, энергия кәсіпорындарының жылу беру маусымына әзірлігін бағалау комиссиясының жұмысына әкімдер тікелей өздері қатысуы тиіс. Нысандар қысқа әзірлік паспорттарсыз, жұмысты бастамау керек. Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталатын болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Сондай-ақ жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырамын. Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кету керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиын соңында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Энергетика министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуі қажет. Биылғы 1 қыркүйекке дейін өңірлерге берілетін әлеуметтік мазуттың жеткізу кестесі бекітілсін.

Энергетика министрлігі Қазақстан теміржолы компаниясымен және өңірлердің әкімдіктерімен бірге энергия объектілеріне көмір мен мазутты бекітілген кесте мен көлемдерге сәйкес уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдап, сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуіне бақылау белгілеуі қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңірлердің әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етсін, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды. Оқу-ағарту Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне аталған мәселені бақылауда ұстау тапсырылды.