Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Құрылтай кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.
Фото: gazetametro.ru
ERNUR.KZ. Оның сөзінше, қазіргі уақытта аталған жағдай жіті зерттеліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
– Қазақстан азаматтарының қақтығыс аймағына қалай тап болғаны әзірге белгісіз болып тұр. Қазір бұл жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Құжаттарға қол қойылған. Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп, азаматтардың отбасыларымен байланыс орнатылуда, – деді Ержан Ашықбаев.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ресейге жұмысқа кетіп, соғыс аймағынан бір-ақ шыққан 14 қазақ жігітіне қатысты тың пікір де білдірді. Оның сөзінше, әр азамат өзі қол қоятын құжаттармен мұқият танысуы керек еді.
– Әрбір жағдай бойынша олардың қандай құжаттарға қол қойғанын, қандай негізде қақтығыс аймағына тап болғанын жеке-жеке анықтап жатырмыз, – деп қоса кетті ол.
Бұған дейін де Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағындағы Қазақстан азаматтарының өтініштеріне қатысты жұмысты жалғастырып жатқанын мәлім еткен еді.
Кейіннен әлеуметтік желілерде 14 жігіттің Қазақстан елшілігіне жеткізілетіні жайлы мәлімет желдей есті. Дегенімен, жауапты орган оны уақытында терістеді.


