ҮАААЖ-мен жүру ақысы екі есе қымбаттайды: жаңа тарифтер жарияланды

0
196

Бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.


ҮАААЖ-мен жүру ақысы екі есе қымбаттайды: жаңа тарифтер жарияланды

Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

ERNUR.KZ. 16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автокөлік жолындағы (ҮАААЖ) жүру тарифі екі есе өседі, деп жазады tengrinews.kz.

Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров ҮАААЖ-ны ақылы негізде пайдаланудың қолданыстағы ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Анықтама: ҮАААЖ (Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы) - Алматыны айналып өтетін, ұзындығы 66 шақырым болатын ақылы тасжол. Ол негізгі республикалық автомагистральдарды біріктіреді, транзиттік көлікті қала сыртына шығаруға және Алматының көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Баға қалай өзгереді?

Бір сағат ішінде жүріп өткен қашықтыққа қарамастан, бір реттік жол жүру құны келесідей болады:

  • жеңіл автокөліктерге – 0,14 АЕК (2026 жылға 605,5 теңге);
  • 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне – 0,16 АЕК (692 теңге);
  • 32 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне – 0,28 АЕК (1 211 теңге);
  • 32 орыннан асатын автобустар мен жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне – 0,32 АЕК (1 384 теңге);
  • жүк көтергіштігі 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне – 0,40 АЕК (1 730 теңге);
  • жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын жүк көліктері, соның ішінде тіркемесі және жартылай тіркемесі бар көліктерге – 0,44 АЕК (1 903 теңге).
Анықтама: 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге тең.

Бұл ретте айлық және жылдық абонементтер құны өзгеріссіз қалды.

Қандай жағдайда жеңілдік қолданылады?

Жаңа тарифтермен қатар екі жағдайда 50 пайыздық жеңілдік қолданылады:

  • алдын ала төлем жасағанда - ақылы жолға кіргенге дейін қаражат жеке шотқа немесе көліктің мемлекеттік нөмірі тіркелген шотқа түссе;
  • кейін төлеу кезінде – жүргізуші жол жүру ақысын жүйе оны тіркегеннен кейін 7 жұмыс күні ішінде төлесе.

Бұл мерзім өткеннен кейін жеңілдік қолданылмайды.

Мән-жайы

Үлкен Алматы айналма автокөлік жолындағы қозғалыс 2023 жылдың маусымында ашылды. Ұзындығы 66 шақырым болатын тасжол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандары арқылы өтеді және Алматыны айналып өтуге мүмкіндік береді.

Жол негізінен алты жолақты, кейбір учаскелерінде төрт жолақты. Онда шлагбаумсыз ашық төлем жүйесі жұмыс істейді: жол жүруді бақылау аркалары мен камералар тіркейді.

Іске қосылғаннан кейін билік Қарасай, Іле және Талғар аудандарының тұрғындары үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ жүргізушілерге жол ақысын алдын ала немесе жүріп өткеннен кейін төлеуге рұқсат берілді.

Бастапқыда жеңіл автокөліктерге арналған тариф 0,07 АЕК, ал көліктің басқа санаттары үшін 0,12-ден 0,72 АЕК-ке дейін болған.