Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің таулы аймақтарында төрт рет қардың өздігінен түсуі тіркелді.
Мониторинг және жүргізілген тексерістерге сүйене отырып, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік мамандары таулы аймақтарда қар қалыңдығының жиналу процесі жалғасып жатқанын анықтады.
"Ауа райының тұрақсыздығына байланысты кейбір учаскелерде қардың өздігінен түсу қаупі сақталуда. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс таулы аймақтарда және Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар көшкіні қаупі сақталуда. Қалың қар басқан тік таулы беткейлерге шықпаған абзал, себебі бұл қар көшкінінің жүруіне себеп болуы мүмкін", делінген төтеншеліктер хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің таулы аймақтарында төрт рет қардың өздігінен түсуі тіркелді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тауларында жалпы көлемі 4 206 текше метрден асатын 17 профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмысы жүргізілді.
ТЖМ көшкін туралы ескерту жарияланған кезеңде таулы аймақтарға бармауға, тауға шығу алдында ауа райы болжамымен танысуға және алдын ала маршрутты жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде қозғалыс жасамауға, белгіленген жолдарды ұстануға, қар көшкіні қауіпті учаскелер туралы соңғы ақпаратты алу мен қауіпті беткейлерден аулақ болуға кеңес береді.
"Көп қар жауған жағдайда тауға шығуды қар қалыңдығы тұрақталғанға дейін 2–3 күнге шегеру ұсынылады", делінген ескертуде.


