«Turan» АЭА аумағында 7 млрд теңгелік жаңа өндіріс орнының капсуласы қаланды

0
80

Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасқан зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңірдің индустриялық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.


«Turan» АЭА аумағында 7 млрд теңгелік жаңа өндіріс орнының капсуласы қаланды

ERNUR.KZ. Түркістан облысында «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс орнының капсуласы қаланды. Жоба аясында «BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы жүргізіліп, 7 заманауи өндірістік кешен бой көтермек. Алғашқысы келер жылдың ақпан айында іске қосылады, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасқан зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңірдің индустриялық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде зауыттар мен фабрикалардың құрылысы қарқын алып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Себебі әр жаңа жоба – жаңа мүмкіндік, жаңа табыс көзі. Қандай кәсіпорын ашылса да, біз оған дайын болуымыз керек. Елімізде жұмысшы мамандықтарын дамыту мен олардың мәртебесін көтеруге ерекше назар аударылып отыр. Шын мәнінде, жұмысшы мамандығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Ол жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, өндірістің дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді. Бүгін іргетасы қаланған зауыт іске қосылған соң, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Жобаның сәтті жүзеге асуы отандық өнім көлемін арттыруға, импортты алмастыруға және білікті жұмысшы кадрлардың беделін нығайтуға ықпал етеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысы сондай-ақ биыл 8 мыңнан астам түлек ірі инвестициялық жобаларға тартылатынын атап өтті. Қазір облыс бойынша жүзеге асырылатын жобаларға 2 290 жұмысшы маман қажет. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп, энергетика, техника және құрылыс салалары бойынша 11 мамандық бойынша кадр тапшылығы анықталған. Осы бағыттарда колледждерге жаңа лицензиялар беріліп, өңірге қажетті жұмысшы кадрларды даярлау жұмыстары басталып жатыр.

«BEREKE PLASTIC» зауытының іске қосылуы өңірдің ғана емес, тұтас елдің экологиялық және экономикалық даму стратегиясымен үндеседі. Бір реттік ыдыс-аяқ шығару жобасы – Қазақстанда сирек кездесетін бағыттардың бірі. Бұл өндіріс отандық нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді. Жаңа зауытта жылына 600–700 тонна пластик және қағаздан жасалған бір реттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдардың 18 түрі өндіріледі. Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде 65 жаңа жұмыс орны ашылады.

«TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында (жалпы көлемі – 365 гектар) бүгінде 72 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, төрт жоба бойынша 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Аймақтың инфрақұрылымы толық дайын: инженерлік желілер тартылып, өндіріс нысандарын салуға барлық жағдай жасалған.