Тоқаевтың ескертуінен кейін министр Алакөл жағажайларын тексеріп, бірқатар тапсырма берді

0
635

Анықталған кемшіліктерді жою үшін жергілікті атқарушы органдарға бақылау мерзімдері белгіленді.


Тоқаевтың ескертуінен кейін министр Алакөл жағажайларын тексеріп, бірқатар тапсырма берді

Фото: Туризм және спорт министрлігі

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірлерде туристік нысандардың жай-күйін тексеру жұмыстары басталды. Қазақстандықтардың арыз-шағымынан кейін президент Алакөл көлі маңындағы танымал демалыс орындарының демалушыларды қабылдауға дайын емес екенін айтып, сынға алды, деп жазады stan.kz.

Тексеріс барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды:

  1. Кейбір жағажайларда санитарлық тораптар, душ кабиналары, қоқыс контейнерлері, буйкалар мен қоршаулар жоқ;
  2. Су кемелеріне бақылау жеткіліксіз жүргізіледі;
  3. Құтқару мұнаралары мен ақпараттық қамтамасыз ету жетіспейді. Осылайша, қауіпсіздіктің базалық стандарттары сақталмаған болып шықты.

“Туристік қызметтердің сапасын арттыру – саланы дамытудың басты міндеттерінің бірі. Туристер ағынының артуына қарамастан, бірқатар курортты өңірде қызмет көрсету деңгейі заман талаптарына сай келмейді. Министрлік "Туристік қызмет туралы" Заңға міндетті стандарттар енгізу, өкілеттіктерді кеңейту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған түзетулер әзірлеуде. Бұл қауіпсіздік, жайлылық пен жоғары деңгейдегі қызметті жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз – отандық туристердің демалысын сапалы әрі қауіпсіз ету”, – деп атап өтті Мырзабосынов.

Нәтиежесінде министр нақты тапсырмалар берді:

  1. Жағажай аумағындағы санитариялық жабдықтауды күшейту;
  2. Қосымша қоқыс контейнерлерін сатып алу;
  3. Қауіпсіз шомылу аймақтарын нақты белгілеп, арнайы белгілер желісін ұзарту;
  4. Киім ауыстыратын орындар, душ кабиналары және басқа да абаттандыру элементтерін орнату мүмкіндігін қарастыру;
  5. Белсенді демалыс аймақтарын ұйымдастырып, көлеңке тенттер орнату;
  6. Құтқару мұнаралары мен суға қауіпсіз кіруге арналған баспалдақтар санын көбейту;
  7. Жағажай аумағына ақпараттық стендтер мен сызбалы карталар орнату.

Анықталған кемшіліктерді жою үшін жергілікті атқарушы органдарға бақылау мерзімдері белгіленді. Министрлік қайта тексеруді жоспарланып отыр.