Елімізде оқушыларды есепке алу мен буллингке қатысты талаптар өзгерді

0
168

Жаңа ережелер білім беру ұйымдарының буллингтің алдын алу бағытындағы жұмысына да қосымша талаптар қояды.


Елімізде оқушыларды есепке алу мен буллингке қатысты талаптар өзгерді

Фото: Kazinform/ЖИ

ERNUR.KZ. Қазақстанда мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алу, буллингтің алдын алу және терроризмнен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар 21 қарашадан бастап күшіне енеді, деп жазады inform.kz.

Өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың білім басқармалары балалардың орта білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін оларды мектепке дейінгі жастан бастап орта білім алғанға дейін есепке алуға міндетті.

Осы мақсатта 0 мен 18 жас аралығындағы балалар туралы бірыңғай дерекқор жасалады. Онда баланың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі. Бұл мәліметтер Ұлттық білім беру деректер қорынан алынады.

Бірыңғай дерекқорға мына санаттағы балалар туралы ақпарат енгізіледі:

— мектепке дейінгі жастағы балалар;
— мектеп жасындағы балалар, оның ішінде денсаулығына байланысты білім ала алуға мүмкіндігі жоқ балалар да бар;
— техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитындар;
— жекеменшік балабақшалар мен мектептерде тәрбиеленіп, білім алып жүргендер;
— еш жерде оқымайтын балалар;
— қандастардың балалары;
— шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың балалары;
— оқумен қамтылмаған балалар;
— сабаққа себепсіз әрі жүйелі түрде қатыспайтын оқушылар.

Сабақты себепсіз жиі босататын оқушылар туралы мәлімет ішкі істер органдарымен келісіліп, әр айдың 10-ына дейін Ұлттық білім беру деректер қорына енгізіледі.

Буллингтің алдын алу тәртібі қалай өзгереді

Жаңа ережелер білім беру ұйымдарының буллингтің алдын алу бағытындағы жұмысына да қосымша талаптар қояды.

Енді мектеп әкімшілігі буллингтің алдын алу үшін атқарылған жұмыстар туралы білім басқармасына ақпарат беруге міндетті. Атап айтқанда, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәрбие жұмысын және мектептегі жағдайды бақылау, сондай-ақ ата-аналар комитетінің қатысуымен өткен алқалы жиындарда буллинг мәселесін қарау жөніндегі мәліметтер ұсынылуы керек.

Фото: Pixabay

Буллинг туралы хабар түскен жағдайда жергілікті білім басқармасы оны бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Хабарлама Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес тіркеледі.

Буллингке ұшыраған баланың да, оған бастамашы болған баланың да заңды өкілдері білім басқармасының шешімімен келіспесе, белгіленген тәртіппен шағым түсіре алады.

Сонымен қатар буллингтен зардап шеккен баланы әлеуметтік оңалту және буллингке бастамашы болған баланы қоғамға бейімдеу туралы шешім қабылданғаннан кейін мектеп екі тарапқа да психологиялық қолдау көрсетуге тиіс. Ол үшін әр балаға қажетті көмек шараларымен жеке жұмыс жоспары әзірленеді.
Ал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың себептерін анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылдайды. Сондай-ақ комиссия балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау жұмыстарын жүргізеді.

Терроризмнен зардап шеккен балаларға қандай көмек көрсетіледі

Өзгерістер терроризмнен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту тәртібін де қамтиды.

Жаңа талап бойынша балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган өзіне келіп түскен мәліметтер негізінде терроризмнен зардап шеккен кәмелетке толмағандардың дерекқорын қалыптастырады. Бұл ақпарат қызмет бабында пайдалануға арналған, таратылуы шектелген мәліметтермен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес сақталады.

Астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен аудандардың білім басқармалары уәкілетті органнан алынған мәліметтерді сақтап, жүйелеуге жауапты болады.

Коллаж: Kazinform/ Изображение сгенерировано при помощи нейросети

Терроризмнен зардап шеккен балаларға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіледі.