Тоқаев "ШЫҰ плюс" саммитіне қатысты

0
98

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажет екенін айтты


Тоқаев

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев "Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету" тақырыбына арналған "ШЫҰ плюс" саммитінде сөз сөйледі, деп жазады Ақорда.
Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған "ШЫҰ плюс" форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.
"Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен салдары ұқсас. Яғни өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды", – деді президент.
Тоқаев ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайтынын айтты.
"Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек", - деді мемлекет басшысы.
Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажет екенін айтты.
"Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда, басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін", – деді президент.