Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы президент сайлауында өз кандидатурасын ұсынуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп жазады BAQ.KZ.
Брифинг барысында журналист Конституциялық соттың Мемлекет басшысының Президент лауазымына қайта сайлануға құқығы бар екені туралы түсіндірмесіне тоқталып, Тоқаевтың 2029 жылы бұл құқықты пайдалануды жоспарлап отырған-отырмағанын немесе кезектен тыс президент сайлауы өтуі мүмкін бе екенін сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құқыққа ие екенін растады. Алайда қазір келесі сайлау туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін атап өтті.
“ Бір жағынан, Конституциялық сот осындай шешім қабылдады және заңға сәйкес менде қайта сайлану құқығы бар. Алдағы сайлауға қатысты, яғни сіз айтқандай, сайлауға қатысамын ба, қатыспаймын ба, қай жылы деген мәселелер туралы қазір айтуға әлі ерте “, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан алдында атқарылуы тиіс ауқымды міндеттер тұр.
“ Еліміздің алдында тұрған көптеген міндетті орындауымыз керек. Іс жүзінде бүкіл Қазақстанды, ең алдымен, әлеуметтік нысандар салу бағытында үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз қажет “, – деді Тоқаев.
Осыған байланысты Президент Ұлттық қор қаражатын елді дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға пайдалану мәселесіне де пікір білдірді.
“ Азаматтардың игілігі үшін осы мақсаттарға Ұлттық қорды пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жаратуға болатын кезде ақшаны шетелдегі бағалы қағаздарда не үшін ұстап отырмыз? Мен бұл ақшаны сақтап отыруға қарсымын. Яғни, олар халыққа, азаматтарымызға қызмет етуі керек “, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев халықаралық ахуалдың күрделі екеніне де назар аударып, Қазақстан ішкі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өсім үшін қажетті жағдай жасай алғанын атап өтті.


